Алты адамның өлімі: Павлодарда депутат қамауға алынды
«Стальмонтаж», «Ақтоғай-Агро» және Aqtogai Milk компанияларының бас директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев қамауға алынды. Бұл туралы Жергілікті журналист Болат Аманбаев әлеуеттік желі парақшасына жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Терентьев қамауға алынды
«Терентьевті қамады. Тығылған жоқ, қашқан жоқ, ел алдында жүрген, елге қызмет етіп жүрген Азаматты неге шұғыл қамады? Бізге түсініксіз. Жай-жапсарды өткен жолы жазып едік. Бұл не асығыстық? Елден шықпау… Мырза қамақ сияқты шектеулер бар емес пе? Түсініксіз бұрылыстар бет алуда! Тергеуші шешімі алдағы екі тәулікте сотта қаралады. Екі айға жабады ма немесе үй қамағында қалдырады ма? Оны сот шешеді. Естеріңізге сала кетейік, бұл осы кәсіпорыннан қамауға алынған үшінші адам. Бұған дейін техникалық қауіпсіздік инженері мен ферманың атқарушы директоры тар қамаққа жабылған болатын. Біз бұл істі мұқият бақылауда ұстаймыз!», – деп жазды журналист Болат Аманбаев.
Полиция не дейді
Павлодар облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын және үш күдіктінің ұсталғанын растады. Алайда полиция тергеу мүддесіне байланысты ұсталғандардың арасында Терентьевтің бар-жоғын нақтыламады.
«Аталған дерек бойынша Павлодар облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.
Ведомство қылмыстық іс аясында қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын да мәлімдеді. Расталмаған мәлімет бойынша, Терентьевпен бірге ферма директорының орынбасары мен еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер ұсталған.
Оқиға желісі
Еске салсақ, Павлодар облысының Жоламан ауылында сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде алты адам қаза тапқан болатын.
Марқұмдардың қатарында 1983 жылы туған Е. С. Яроцкий, 1963 жылы туған Ж. Ж. Қайдаров, 1998 жылы туған Рахат Расул болған. Сондай-ақ, қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшелері екені белгілі болды. Олар: 1975 жылы туған Бауыржан Мұхаммед және оның 2006 жылы туған ұлы Дархан Мұхаммед пен 2009 жылы туған ұлы Дәулет Мұхаммед.
Қайғылы оқиға «Aqtogai Milk» ЖШС-да болған. Жұмысшылар кәріз құдығына орнатылған электр сорғысының ақауын жөндеп жатқан.
«Aqtogai Milk» ЖШС Павлодар облысындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақтоғай-Агро» компаниясына тиесілі.