Жаңалықтар

Павлодарда жалған жүктілік анықтамасы үшін полиция қызметкері сотталды

Павлодар облысында мас күйінде жол апатын жасаған әйел жалған жүктілік анықтамасының көмегімен әкімшілік қамаудан құтылмақ болған. Алайда прокурорлар құжаттың жалған екенін анықтап, бұл іске қатысы бар полиция қызметкері сотталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, Ақсу қаласының ауданаралық соты полиция қызметкерін пара алды және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалады деп таныған.

Тергеу барысында көлік жүргізу құқығы жоқ әйелдің алкогольдік масаң күйде жол-көлік оқиғасын жасағаны анықталған. Әкімшілік іс сотта қаралған кезде оның жүкті екені туралы медициналық анықтама ұсынылып, соның негізінде әкімшілік қамау айыппұлмен алмастырылған. Алайда прокурорлар жүргізген тексеру барысында бұл анықтаманың жалған екені анықталған.

«Сот полиция қызметкерін пара алғаны және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6,6 млн теңге мөлшерінде айыппұл салу, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру түріндегі жаза тағайындады», – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, сотталған азамат арнайы атағынан айырылып, пара ретінде алынған ақша мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button