ЖаңалықтарТергеу

Павлодар облысындағы кәсіпорында алты адамның өліміне қатысты үш күдікті ұсталды

Павлодар облысында Aqtogai Milk кәсіпорнында алты жұмысшының қаза болуына қатысты үш күдікті ұсталды. Бұл туралы өңірдің полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды

Қылмыстық істі тергеу аясында үш адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу басқармасы қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдарының кешенін жүргізіп жатыр.

«Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп жазылған полиция хабарламасында.

Тергеу барысы жарияланбайды

Тергеу мүддесіне байланысты ұсталған азаматтардың лауазымдары мен өзге де мәліметтер әзірге жарияланбайды. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.

Оқиға желісі

Еске салсақ, Павлодар облысының Жоламан ауылында сүт фермасының аумағындағы кәріз құдығында жұмыс жүргізу кезінде алты адам қаза тапқан болатын.

Марқұмдардың қатарында 1983 жылы туған Е. С. Яроцкий, 1963 жылы туған Ж. Ж. Қайдаров, 1998 жылы туған Рахат Расул болған. Сондай-ақ, қаза тапқандардың үшеуі бір отбасының мүшелері екені белгілі болды. Олар: 1975 жылы туған Бауыржан Мұхаммед және оның 2006 жылы туған ұлы Дархан Мұхаммед пен 2009 жылы туған ұлы Дәулет Мұхаммед.

Қайғылы оқиға «Aqtogai Milk» ЖШС-да болған. Жұмысшылар кәріз құдығына орнатылған электр сорғысының ақауын жөндеп жатқан.

«Aqtogai Milk» ЖШС Павлодар облысындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақтоғай-Агро» компаниясына тиесілі.

 

Back to top button