Ағылшын тілін ешқандай курсқа қатыспай-ақ өздігінен үйренген 22 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Әділет Сапарғали оқырмандарына тілді меңгеруге қатысты кеңес айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ол ағылшын тілін онлайн ойындар арқылы үйрене бастаған. Күнделікті тәжірибе жасап, түрлі шетелдік ойыншылармен қарым-қатынас орнатудың арқасында тілдік дағдысын жетілдірген. Соның нәтижесінде екі жылдың ішінде ағылшын тілінен B2 деңгейіне жеткен.
«Ағылшын тілінде грамматикаға үңіліп кетпеңіз. Грамматика тілдің құрылымын түсуіну үшін керек. Оған қатты үңіліп, уақыт жоғалтпаңыз. Екіншіден, алма деген apple деген сияқты бір сөзден жаттамаңыз. Сөйлеммен бірге жаттап алыңыз. Мысалы, Лондон — Ұлыбританияның астанасы, London is the capital of Great Britain деген сияқты сөзді сөйлеммен бірге жаттаңыз. Үшіншіден, сөйлеуден қорықпаңыз. Ертерек бастаңыз. Төртіншіден, фильм, телехикаяларды түпнұсқа түрінде көріңіз, бірақ әрқашан ағылшын тіліндегі субтитрмен көріңіз. Аудармасыз, тек ағылшын тіліндегі субтитрмен көріңіз. Бесіншіден, ағылшын тілін өзіңізге үй жұмысы қылмаңыз. Сіз ол тілді үйренуді өзіңіз қалап, өз қалауыңызбен үйренуіңіз керек», – дейді Әділет Сапарғали.
Ол ағылшын тілін қалай үйренді
22 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Әділет Сапарғали ағылшын тілін ешқандай ақылы курсқа қатыспай-ақ өздігінен меңгерген. Оның оқиғасы ауылда тұру, тілдік ортаның жоқтығы немесе қаржылық мүмкіндік сияқты факторлардың шет тілін үйренуге кедергі емес екенін көрсетеді. Әділеттің айтуынша, ол ағылшын тілін онлайн ойындар арқылы үйрене бастаған. Күнделікті тәжірибе жасап, түрлі шетелдік ойыншылармен қарым-қатынас орнатудың арқасында тілдік дағдысын жетілдірген. Нәтижесінде екі жылдың ішінде ағылшын тілінен B2 деңгейіне жеткен.
Қазіргі таңда ол өз тәжірибесімен әлеуметтік желіде бөлісіп, шет тілін үйренгісі келетін жастарға пайдалы кеңестер ұсынып келеді.