Отбасы банк ипотекалық бағдарламалар үшін тағы 90 млрд теңге тартты
Отбасы банк Азия даму банкі тарапынан 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыру тартты, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
ЕКІ БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ
Бұл қаражат «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын іске асыруға бағытталады. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам несие беру жоспарланып отыр.
Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, қаржы институтының басым бағыттарына әйелдерді қолдап, отбасылық құндылықтарды нығайту да кіреді.
«Отбасы банкі үшін отбасылық құндылықтар мен гендерлік теңдікті қолдау аса маңызды. Біз әйелдердің экономикалық белсенділігі мен қаржылық тәуелсіздікке ұмтылысын әрдайым қолдаймыз. Жеке баспананың болуы әйелге сенімділік беріп, отбасы үшін тұрақтылық пен болашаққа деген қорғаныш сезімін қалыптастырады. Сондықтан „Ұмай“ бағдарламасына сұраныс жоғары. Ол әйелдерге қолжетімді шарттармен баспана иесі атануға мүмкіндік береді», – деді ол.
Төрайымның айтуынша, «Ұмай» бағдарламасының алдыңғы кезеңдері аясында 3 660 әйел баспаналы болған.
ТАБЫСТЫ РАСТАУ МІНДЕТТІ МЕ
Бағдарлама бастапқы жарнаның төмендетілген мөлшері мен жылжымайтын мүлік таңдауын ұсынады. Яғни бастапқы және қайталама нарықтан баспана алуға болады. Қатысушылар елдің кез келген өңірінен тіркеуге қарамастан, тұрғын үй сатып ала алатын көрінеді. Сондай-ақ пәтерді сатып алу мен жөндеуді біріктіретін бір несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Қарыздың ең жоғары сомасы – 50 млн теңгеге дейін, мерзімі – 25 жылға дейін, бастапқы жарна өңірге байланысты 15-20% аралығында.
Сонымен қатар, 15 млн теңгеге дейін тұрғын үйді жөндеуге арналған жеке несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте сатып алынатын жылжымайтын мүлік әйелдің атына рәсімделуі тиіс.
«Жасыл ипотека» бағдарламасы аясында қазақстандықта, «жасыл» құрылыс стандарттарына сәйкес келетін және OMIR сертификаты бар тұрғын үйді сатып ала алады. Банк мәліметінше, елдегі тұрғын үй қорының 80%-дан астамы әлі де энергияны көп тұтынады, бұл коммуналдық шығындардың артуына әсер етеді.
Бағдарламаларға қатысу үшін соңғы алты айдағы ресми табысты растау қажет. Бұл ретте өтініш берушінің меншігінде басқа тұрғын үйдің бар-жоғы есепке алынбайды.