$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
☁ +5° Сезіледі +3° Жел 1 м/с Ылғалдылық 87%
TOP-2Жаңалықтар

Оқушылар қалай амандасуы керек: Қазақстанда арнайы ұсыным әзірленіп жатыр

Қазақстанда оқушылардың сәлемдесу мәдениетін қалыптастыруға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Депутаттық сауал

Оқу-ағарту министрлігінің Құрылтай депутаты Ерлан Сайыров Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға депутаттық сауал жолдады.

«Сәлемдесу мәселесін бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз. Осыған байланысты: Амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды; Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді; Сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды; Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», – деп жазылған депутаттық сауалда.

Сәлемдесу мәдениетін қалыптастыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды

Оқу-ағарту министрлігі Құрылтай депутаты Ерлан Сайыровтың депутаттық сауалына берген жауабында Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы арнайы жұмыс тобын құрғанын айтқан. Оның құрамына ғалымдар, сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері енген.

Жұмыс тобының негізгі міндеті – оқушылардың сәлемдесу мәдениетін қалыптастыруға көмектесетін әдістемелік ұсынымдар әзірлеу.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрды. Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және депутаттармен қосымша талқыланатынын атап өтеміз», – деп жазылған министрліктің жауабында.

Жаңа талап мектептер үшін міндетті бола ма

Министрліктің жауабында әдістемелік ұсынымдардың нақты қашан дайын болатыны және олардың мектептер үшін міндетті талапқа айналатыны немесе айналмайтыны нақтыланбаған.

 

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button