Оңтүстік Кореяда 180 күннен артық жүрген Қазақстан азаматтары санкцияға ілінеді

Бұл туралы ОКҚ алаңында Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы.
Оның айтуынша, жақында ғана Оңтүстік Кореяда мигранттарға жұмыс істеуге рұқсат беретін EPS жүйесіне Қазақстанды қосу жөнінде отырыс өткізілді. Қазір Қазақстан билігі Оңтүстік Корея тарапының жауабын күтіп отыр.
“Біз жақтан сол елге заңсыз барып, жұмыс істеп жүргендер жайлы айтар болсақ, біз мониториңді миграциялық ағымдар арқылы тексеріп отырмыз. Шетелге шығып кеткен әрбір адам бақылауда. Егер олар 180 күннен артық сол жақта жүрсе, заңсыз жүрсе, оларға санкциялық шаралар қолданылады. Консулдықтардың жанында атташелар бар. Олар біздің азаматтармен жұмыс істейді”, – дейді вице-министр.
БАҚ мәліметінше, Оңтүстік Корея билігінің Қазақстан азаматтарын EPS жүйесіне енгізбей, уақыт созуының бір себебі – сол жақта заңсыз жүрген қазақстандықтардың көптігі.