Нөсерден кейін Ақтауды су басты: әкімдік себептерін түсіндірді
Нөсер жаңбырдан кейін Ақтаудың орталық көшелері мен шағынаудандарын су басты. Билік мұның себебін түсіндірді.
28 маусым күні жауған нөсер жаңбыр Ақтау көшелерін тағы да су астында қалдырды. Жауын-шашыннан кейін қаланың бірқатар шағынаудандары мен орталық магистральдарында су жиналды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, 28-29 маусым күндері жауған ұзаққа созылған жаңбыр салдарынан бірнеше орталық көшеде жауын суы көп мөлшерде жиналған.
Осы уақыт аралығында қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қызмет көрсететін мердігер ұйым шамамен 7 мың текше метр суды сорып шығарған. Соның ішінде 17-шағынаудандағы «Халық Арена» спорт кешенінің маңынан ғана 3,5 мың текше метрге жуық жауын суы шығарылды.
Қолайсыз ауа райының салдарын жою жұмыстарына екі арнайы техника, 12 мотопомпа және 50 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Шенеуніктердің айтуынша, көшелерді су басуының басты себебі – нөсер кәрізі жүйесінің орталық кәріз коллекторына қосылмауы. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің құрылысы кезінде судың табиғи ағу жолдары жабылып қалған.
Қазіргі уақытта проблемалы аумақта нөсер кәрізін орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал синоптиктер 29 маусым күні Маңғыстау облысында тағы да дауылды ескерту жариялады.
Болжам бойынша, өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың батысында, солтүстігінде және орталық бөлігінде кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және екпінді жел күтіледі. Ақтау қаласында да жаңбыр, найзағай, кей уақыттарда нөсер жаңбыр мен бұршақ жаууы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді.