Жаңалықтар

Мұнай бағасының баррелі тағы 100 доллардан асты

АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазын бұғаттау туралы мәлімдемесінен кейін әлемдік мұнай бағасы өсуде. Brent маркалы мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айындағы фьючерстерінің құны 7,27 пайызға өсіп, барреліне 102 доллардан асты. Бұл туралы Астана уақытымен сағат 08:00-дегі сауда деректері көрсетіп отыр.

WTI маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері де 8,55 пайызға қымбаттап, барреліне 104,83 долларға жетті.

Еске салайық, сенбі, 11 сәуір күні Иран мен АҚШ Исламабадта келіссөздерді бастаған болатын. Алайда жексенбі күні таңертең АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келісімге келу мүмкін болмағанын мәлімдеді. Келіссөздер ұзаққа созылғанымен, нәтиже бермей аяқталып, америкалық делегация елге қайтатын болды.

Сол күні кейінірек Трамп АҚШ Ормуз бұғазы арқылы өтуге әрекет жасайтын барлық кемелерді бұғаттай бастайтынын айтты. Сондай-ақ ол АҚШ әскери-теңіз күштеріне мұндай кемелерді бақылап, Иранға өткені үшін ақы төлегендерін ұстап қалуды тапсырды.

Back to top button