Маңғыстауда қарақұрт қаупі күшейді: бес бала жансақтау бөлімінде жатыр
Маусым айының алғашқы 10 күнінде қарақұрт шағуынан кейін ауыр жағдайда бес бала ауруханаға жатқызылды.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының мәліметінше, 2025 жылдың бүкіл кезеңінде медициналық мекемеге қауіпті өрмекші шағуынан зардап шеккен үш бала түскен болса, биыл тек маусымның алғашқы 10 күнінде-ақ мұндай бес жағдай тіркелген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Барлық балалар ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде ем қабылдаған. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін олар профильді бөлімшелерге ауыстырылған.
«Жаз мезгілінде қарақұрттардың белсенділігі айтарлықтай артады, сондықтан қауіпті өрмекшімен кездесу қаупі де күшейеді. Қарақұрт шағуы қатты ауырсыну мен ашыту сезімін, денеге тарайтын ауырсынуды, бұлшықет құрысуын, әлсіздікті, тершеңдікті, жүрек айнуды, құсуды, бас айналуды және жүрек соғысының жиілеуін тудыруы мүмкін», – дейді дәрігерлер.
Баланы шағып алған жағдайда оның қозғалысын дереу шектеу, шаққан жерді сабынды сумен жуу, суық компресс қою және мүмкіндігінше тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерлер халықтық емдеу тәсілдерін қолдануға немесе жара орнын өз бетінше кесуге қатаң түрде қарсы.