TOP-1Экономика

КҚК дрон шабуылдарынан кейін Қазақстан мұнайын қайта қабылдай бастады

Қазақстан Энергетика министрлігінің Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдап, Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы мұнайды тиеп-жөнелту жұмыстарын қайта бастағанын хабарлайды, деп жазады Tizgin.kz.

Министрлік не дейді

Ведомствоның мәліметінше, Каспий құбыр консорциумы жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және оны Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы тиеу операцияларын қайта бастаған. Қазір КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын қабылдаған.

“Мұнай қабылдаудың қайта жандануы мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта бастауға мүмкіндік береді. Теңіз терминалындағы операциялар ағымдағы жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және үдеріске қатысушы басқа да тараптармен тұрақты өзара іс-қимыл жасап келеді. Ведомство жағдайды бақылауды жалғастырып, қазақстандық мұнайды одан әрі тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-қимылдарды үйлестіруде”, – деді министрдің кеңесшісі – Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаева.

Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 21 шілдеден бастап Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын.

Қазақстанның мәлімдемесі

Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратқан еді. 

Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған.

Осыдан кейін Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украинаның Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарған еді.

Back to top button