Дрондар Қазақстан мұнайын тиеген танкерлерге шабуыл жасады: Астана мәлімдеме жариялады
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сім не дейді
Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды.
“Аталған шабуылдарды Қазақстанның экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз. Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді”, – делінген хабарламада.
Ведомство сонымен қатар, серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырып, барлық мүдделі тараптарды нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндеді. Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейтінін жария етті.
“Қазір Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындылары бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады. Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін растайды”, – делінген мәлімдемеде.
Энергетика министрлігінің мәлімдемесі
Осы мәлімдемеден соң ізінше Қазақстанның Энергетика министрлігі мәлімдеме жариялады. Ведомство мәліметінше, бүгін, 2026 жылдың 19 шілдесінде Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу операциялары жүргізіліп жатқан кезде «ASIA» және «NISSOS IOS» танкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Аталған кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеуді жүзеге асырып жатқан. Танкерлердің бортында халықаралық экипаж мүшелері болған.
“Шабуыл салдарынан танкерлерде өрт шыққанымен, экипаждардың жедел іс-қимылының арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. №1 және №3 қашықтан тиеу құрылғылары зақымданған жоқ. Теңіз акваториясына мұнайдың төгілуіне жол берілген жоқ. Қазір терминалда мұнай тиеу жұмыстары оқиғаның салдарын бағалау аяқталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Мұнайды жөнелтуді қайта бастау туралы қосымша ақпарат қолжетімді болған сайын ұсынылады. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі азаматтық мақсаттағы аса маңызды энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жасалған мұндай шабуылдарды жол беруге болмайтын әрекет деп санайды”, – делінген мәлімдемеде.
Министрлік халықаралық энергетикалық инфрақұрылым нысандарына кез келген күш қолдану жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді, энергетикалық ресурстардың үздіксіз халықаралық сауда тетіктерін бұзады және жобаға қатысушылардың экономикалық мүдделеріне елеулі зиян келтіреді дейді.
Шабуылдар былтыр да болған
2025 жылы Каспий құбыры концорциумы нысандарына жасалған Украина дрондарының шабуылы салдарынан Қазақстан 3,5 млн теңге мұнайды кем өндіргені бұған дейін хабарланған еді.
Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірген еді. Алайда Украина өз мүддесіне қарай жауабын жолдаған. Ал Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кіріскен.