Көп жағдайда 2–4 аралығындағы бүлдіршіндер терезеден құлап кетеді – Балалар хирургы
Дәрігер масаға қарсы торлардың ерекше қауіп төндіретінін атап өтті
Ауа райының жылынуымен балалардың терезеден құлау қаупі арта түседі. Астананың балалар хирургы Динат Қожекенов терезеден құлаудың салдары қандай екенін, неліктен масаға қарсы торға сүйенуге болмайтынын және балаларды жазатайым жағдайдан қалай қорғауға болатыны туралы түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астана әкімлігінің ресми сайтында жазылғандай, дәрігер зардап шегушілердің басым бөлігі – бес жасқа дейінгі балалар екенін айтты. Әсіресе 2-4 жас аралығындағы бүлдіршіндер қауіп-қатерді толық түсінбей, жазатайым жағдайларға жиі ұшырайды.
Дәрігер масаға қарсы торлардың ерекше қауіп төндіретінін атап өтті. Балалар оны сенімді немесе қорғаныш ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда мұндай торлар баланың салмағын ұстап тұруға арналмаған.
«Масаға қарсы торлар өте әлсіз болады. Олардың бекіткіштері сынып кетіп, бала тормен бірге құлап кетуі мүмкін», – деді дәрігер.
Биіктен құлаған балалар көбіне ауыр жарақат алады. Олардың қатарында аяқ-қол, омыртқа, қабырға және бас сүйек сынықтары, сондай-ақ ми мен ішкі ағзалардың зақымдануы кездеседі. Ауыр жағдайларда баланы құтқаруға нейрохирургтер, реаниматологтар, хирургтер, урологтар, травматологтар, офтальмологтар және жақ-бет хирургтері жұмылдырылады.
Маманның айтуынша, екінші немесе үшінші қабаттан құлаудың өзі өте қауіпті. Жарақаттың ауырлығы тек биікке ғана емес, баланың қалай құлағанына және қандай ағзалары зақымданғанына да байланысты.
«Төменгі қабаттан құлау қауіпсіз деп ойлауға болмайды. Екінші қабаттан құлап, соңы өліммен аяқталған жағдайлар болған. Ең қауіптісі – бас жарақаттары, мидың және ішкі ағзалардың зақымдануы. Тіпті жеңіл көрінетін сынықтардың өзі ауыр жарақаттық шокқа әкелуі мүмкін», – деді ол.
Дәрігерлер келгенге дейін баланы орнынан қозғалтпау керек. Тек ол жол үстінде немесе өзге де қауіпті жерде жатқан жағдайда ғана қауіпсіз орынға көшіруге болады. Егер қан кетсе, оны таңғышпен тоқтатуға тырысып, бірден жедел жәрдем шақыру керек.
Балалар хирургы мұндай жағдайда халық еміне жүгінуге болмайтынын ескертті.
«Жарақат жеңіл көрінгеннің өзінде, терезеден құлау фактісінің өзі 103 қызметіне хабарласуға жеткілікті себеп», – деді Динат Қожекенов.