$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
ЖаңалықтарОқиға

Каспийдегі қайғылы оқиға: Әзербайжан Қазақстан халқына көңіл айтты

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің қазасына байланысты көңіл айтты. Бұл туралы Әзербайжанның сыртқы саяси ведомствосы мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қайғылы қазаға қатты қайғырдық»

Әзербайжан СІМ қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ Қазақстан халқына және Үкіметіне көңіл айтты.

«Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығулары кезінде әскери қызметшілердің қайғылы қазаға ұшырағанына қатты қайғырдық. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқына және Үкіметіне терең көңіл айтамыз. Алла қаза тапқандарға мәңгілік тыныштық, ал олардың отбасыларына осы қиын уақытта күш-қуат пен сабыр берсін», – деп жазылған хабарламада.

Ведомство іздеу-құтқару жұмыстарына қатысты да пікір білдірді.

«Әлі де із-түзсіз жоғалғандар аман-есен құтқарылады деп үміттенеміз. Зардап шеккен әскери қызметшіге тезірек сауығып кетуін тілейміз», – деп жазылған хабарламада.

Қайғылы оқиға туралы не белгілі

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығулары кезінде әскери қызметшілерді теңіз ағызып әкеткен. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, оқиға ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан болған.

Теңізге 19 әскери қызметші ағып кеткен. Тоғыз адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, оқиғаның себептерін тергеу үшін Үкімет комиссиясы құрылды.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button