Журналист Лұқпан Ахмедияровтың үстінен іс қозғалды
Астана қаласының полиция департаменті журналист Лұқпан Ахмедияровқа қылмыстық кодекстің 274-бабымен (көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату) іс қозғалғанын растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақпаратты Астана қаласының полиция департаменті растаған. Бұған дейін “Просто журналистика” жобасының авторын Қазақстаннның шекара қызметі елден шығармай қойған.
Не белгілі
Бұған дейін Өскемен қаласының тұрғыны Андрей Котов Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа бейнеүндеу жолдады. Ол өзінің аты-жөні Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты делінген қазақстандықтардың тізіміне енген жарияланымға байланысты жағдайға назар аударуды сұрайды. Котовтың айтуынша, ол ешқашан соғысқа қатыспаған. Осыған байланысты ол журналист Лұқпан Ахмедияровтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған.
Журналистің өзі не дейді
Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін айтады. “Біз нақты білеміз, тізімдегі Қазақстанның 661 азаматының бәрі соғысқа қатысқан” деп, ешбіріміз жазған жоқпыз. Менің мотивациям Қазақстан үкіметінің соған назарын аудару болды” деген ол Азаттыққа.