Жағаға өз күшімен жүзіп жеткен тағы бір сарбаздың кім екені белгілі болды
19 жастағы Бекет Мырзағалиев оқиғадан кейін ауруханаға жатқызылмаған. Оның анасы сарбаздың қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Ақ Жайық интернет-басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отбасы болған жағдайды таңертең білді
Бұған дейін «Ақ Жайық» басылымы Бекет Мырзағалиевтің ауруханада жатқанын хабарлаған болатын. Қайғылы оқиғадан кейінгі алғашқы сағаттарда ақпарат өте аз болды. Жақындары тек оның аман қалғанын біліп, құтқарылғаннан кейін ауруханаға жеткізілді деп болжаған, алайда таңертең Ақтауға барып, ұлымен кездескен отбасы оның ауруханаға жатқызылмағанын білген.
Сарбаз жағаға өз бетімен жеткен
Бекет Мырзағалиев Атырау облысының Махамбет ауылынан. Ол 2025 жылғы 3 қазанда мерзімді әскери қызметке аттанып, Ақтаудағы №29011 әскери бөлімінде қызмет атқарған.
Сарбаздың анасының айтуынша, қайғылы жағдай туралы хабарды естіген бойда отбасы Ақтауға жолға шыққан.
«Аллаға шүкір, балам аман. Таңертең Ақтауға келіп, оны көрдік. Дені сау, өздігінен жүріп жүр. Балам өз күшімен жағаға жеткен. Қалған мәліметтер тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады деп ойлаймын. Балаларымыз әлі тым жас. Олардың басынан өткені өмір бойы есінде қалатыны сөзсіз», – деді Қарлығаш Мырзағалиева.
Анасы қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты
Қарлығаш Мырзағалиева қайғылы оқиға кезінде қаза болған әскери қызметшілердің туыстарына көңіл айтты.
«Бұл – бүкіл Қазақстан үшін өте ауыр қасірет. Қазір ата-аналардың не сезініп отырғанын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаза болған азаматтардың аналары мен әкелеріне шын жүрегімнен көңіл айтамын. Ешкім мұндай жағдайды қайта бастан өткермесін», – деді ол.
Қайғылы оқиға туралы не белгілі
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде болған.
Оқиға салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі аман қалған.
Қайғылы жағдайдың мән-жайы тергеу аясында анықталып жатыр.