
Мюнхеннің «Бавариясы» мен Англия құрамасының шабуылшысы Хәрри Кейн 2026 жылғы «Алтын допты» жеңіп алды. Ол кейінгі 25 жылда бұл марапатқа қол жеткізген алғашқы ағылшын футболшысы болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
France Football ұйымдастырған марапаттау рәсімі Қазақстан уақытымен 27 қазанға қараған түні Лондондағы «Палладиум» театрында өтті. 33 жастағы шабуылшыға жүлдені Бразилия футболының әйгілі өкілі Роналдо табыстады.
73 гол соққан Кейн Мбаппе мен Ямальды басып озды
Кейн өткен маусымда клубы мен ұлттық құрамасы сапында жалпы 73 гол соқты. Осы нәтижесінің арқасында ол «Алтын доппен» қатар жылдың үздік сұрмергеніне берілетін марапатты да иеленді.
Дауыс беру қорытындысында Франция құрамасы мен мадридтік «Реалдың» 27 жастағы шабуылшысы Килиан Мбаппе екінші орын алды. Үздік үштікті Испания құрамасы мен «Барселонаның» 19 жастағы ойыншысы Ламин Ямаль түйіндеді. Ямаль 21 жасқа дейінгі үздік жас футболшыға арналған жүлдені де жеңіп алды. Кейн «Алтын допқа» ие болған бесінші ағылшын футболшысы атанды. Оған дейін бұл марапатты Англия өкілдерінен соңғы болып 2001 жылы Майкл Оуэн алған еді.
Былтырғы жеңімпаз, Франция құрамасы мен «Пари Сен-Жерменнің» шабуылшысы Усман Дембеле биыл жетінші орынға тұрақтады.
Лондондағы алғашқы рәсім және өзге жеңімпаздар
«Алтын допты» табыстау рәсімі тарихта алғаш рет Лондонда өтті. Әдетте Парижде ұйымдастырылатын салтанатты кештің Ұлыбритания астанасына ауысуы марапат тарихымен байланысты болды: 1956 жылы алғашқы «Алтын допты» ағылшын футболшысы Стэнли Мэтьюз иеленген. Әйелдер арасында бас жүлде испаниялық Алексия Путельясқа бұйырды. 32 жастағы футболшы «Алтын допты» мансабында үшінші рет жеңіп алып, осы көрсеткіш бойынша бұрынғы командаласы Айтана Бонматимен теңесті. Путельяс жазда «Барселонадан» «Лондон Сити Лайонессес» клубына ауысқан еді.
Ерлер арасындағы үздік клуб болып өткен маусымда Чемпиондар лигасын қатарынан екінші рет жеңген ПСЖ танылды. Әйелдер футболында бұл атақ «Барселонаға» берілді. Испания құрамасымен әлем чемпионы атанған Унаи Симон үздік қақпашы жүлдесін алды. Ал ұлттық құраманы жеңіске бастаған Луис де ла Фуэнте үздік бапкер атанды.