Екібастұздағы ірі жобалар жұртшылықты тоқсаныншы жылдарға қайтармай ма
Екібастұзда салынатын жасанды интеллект және деректерді өңдеу орталықтары іске қосылғаннан кейін елде электр энергиясының тапшылығы туындамайды. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов осындай болжамын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Халық жарықсыз қалмай ма
Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Tizgin.kz тілшісі KEGOC басшысынан Екібастұзда жоспарланған ірі деректер орталықтарының елдегі электр энергиясының теңгеріміне ықпалы туралы сұрады.
«Осы жобалар іске қосылғанда электр энергиясы бәріне бірдей жете ме? Ертең жаңа орталықтарға көп қуат бөлініп, қарапайым халық жарық тапшылығын сезінбей ме? Тоқсаныншы жылдардағыдай жарықты сағаттап өшіріп, шаммен отыратын жағдай қайталанбайтынына қалай кепілдік бере аласыздар?» – деп сұрады тілші.
Нәби Айтжановтың айтуынша, Екібастұздағы деректерді өңдеу орталықтары алқабының электр энергиясына деген сұранысы елдің энергетикалық даму жоспарында алдын ала ескерілген.
«Бұл жоба біздің тұтыну көлеміне енгізілген. Ондай қиыншылықтар болмайды. Біздің болжам бойынша электр энергиясы жеткілікті болады. Біз 2027 жылы электр энергиясы бойынша профицитке шығамыз. Ал қуат бойынша 2028 жылдан бастап профицитке шығамыз», – деді KEGOC басшысы.
2035 жылға дейін 26 ГВт қуат қосылмақ
Тілші KEGOC басшысының жауабын нақтылап, жаңа дата-орталықтарға қанша электр қуаты қажет болатынын және оның қандай көздерден алынатынын сұрады.
Сұраққа жауап берген Нәби Айтжанов елде жаңа электр станцияларын салу жоспарланып отырғанын айтты.
«Бізде 2035 жылға дейін 26 ГВт жаңа қуат салу жоспарланған. Олардың бір бөлігі 2027-2028 жылдардан бастап іске қосылады. Сол кезде қосымша электр энергиясы пайда болады. Соның есебінен деректерді өңдеу орталықтары да іске қосылады», – деді Айтжанов.
Айта кетейік, Екібастұз Қазақстанның энергетикалық жүйесінде маңызды орын алады. Мұндағы ірі электр станциялары елдің бірқатар өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Сондықтан энергияны көп тұтынатын жаңа жобалардың іске қосылуы электр өндіру көлемімен қатар, желілердің өткізу қабілеті мен энергетикалық жүйенің тұрақтылығына да тікелей байланысты.