Дрондармен Башқұртстандағы мұнай зауытына шабуыл жасалды

Башқұртстан Республикасының Салават қаласында орналасқан «Газпромнефтехим Салават» мұнай өңдеу зауыты дрондар шабуылына ұшырады, деп жазады ВВС.
Кәсіпорын Украина бақылауындағы Ресей шекарасына шамамен 1400 шақырым қашықтықта орналасқан.
Куәгерлер бірнеше жарылыс болғанын хабарлады. Әлеуметтік желілерде зауыт аумағынан қою қара түтін көтерілгені көрінетін видеолар тарады.
«Газпромнефтехим Салават» — Ресейдегі ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі. The Moscow Times дерегінше, зауыт 2024 жылы 7,2 млн тонна мұнай шикізатын өңдеген, бұл Ресейдегі жалпы өңдеу көлемінің 2,7%-ына тең.
2025 жылдың қыркүйегінде Салаваттағы НПЗ украиналық дрондардың шабуылына екі рет ұшырағаны хабарланған еді. Ол кезде бастапқы өңдеу қондырғысында өрт шыққаны айтылған. Алайда Башқұртстан басшысы Радий Хабировтың мәлімдеуінше, сол шабуылдардан кейін зауыт штаттық режимде жұмысын жалғастырған.