Депутат пластикалық отадан кейін көз жұмды: Елімізде пластикалық хирургия клиникалары тексеріледі
Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісім бойынша пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларға жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Мұндай шешім Алматы, Астана және Маңғыстау облысында пластикалық операциядан кейін науқастардың қайтыс болуына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда медициналық ұйымдарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Ведомствоның дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бері Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері пластикалық хирургия саласында қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға 92 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексерулердің ең көбі 2024 жылы өткен. Бұған азаматтардың медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдарының көбеюі себеп болған.
Тексеру барысында лицензиялық талаптардың сақталмауы, медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарының бұзылуы, медициналық құжаттаманы жүргізу ережелерінің орындалмауы, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызмет көрсету фактілері анықталған.
Нәтижесінде медициналық ұйымдарға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы міндетті нұсқамалар берілді. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.
Министрліктің мәліметінше, пластикалық операциядан кейін пациенттердің қайтыс болуына қатысты әрбір жағдай бойынша да жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Ең резонансты оқиғалар Алматы, Астана және Маңғыстау облысында тіркелген. Тексеру қорытындылары бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.
Ведомство Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті медициналық көмектің сапасы, қауіпсіздігі мен заңдылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ пациенттердің құқықтарын қорғау мақсатында мемлекеттік бақылауды жалғастыратынын атап өтті.
Еске салайық, 22 мамырда Ақтаудағы жекеменшік клиникалардың бірінде жасалған пластикалық операциядан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың қайтыс болғаны белгілі болды. Келесі күні «Қасиет» клиникасының бас дәрігері Артур Тәжиев Instagram әлеуметтік желісінде ресми мәлімдеме жасап, оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.