Депутат пластикалық отадан кейін қайтыс болды: клиника мәлімдеме жасады
Айып тағылып жатқан дәрігер депутатқа ота жасамаған.

Ресми үндеуді «Қасиет» медициналық орталығы Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мекеме Ербол Айтуовтың отбасы мен жақындарына ауыр қайғыға байланысты көңіл айтты.
Клиникада айтылғандай, айып тағылып жатқан дәрігер ота жасамаған. Сондай-ақ, медициналық мекемеде лицензия жоқ екендігі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
Орталық тексерілмеген мәліметтерді, бұрмаланған ақпаратты және негізсіз айыптауларды таратпауға шақырды.
«Қажет болған жағдайда барлық деректер мен мән-жайлар заңда белгіленген тәртіппен құжат жүзінде расталуы мүмкін», — деп мәлімдеді клиника.
Еске сала кетсек, Ақтаудағы «Қасиет» клиникасына барып, иегіндегі артық майын алдырмақ болған 49 жастағы мәслихат депутаты Ербол Айтуов көз жұмды. Қайғылы оқиға биыл 4 сәуір күні болған. Клиникадағы наркоздан кейін ер адамның жағдайы күрт нашарлап кеткен.