Дүниежүзілік банк Қазақстандағы технологиялық стартаптарды дамытуға 75 млн доллар қарыз береді. Қаражат еңбек өнімділігін арттырып, экономиканы әртараптандыруға және технологиялық компаниялардың өсуіне жағдай жасауға бағытталады. Жоба аясында 10 мың жұмыс орнының ашылуына қолдау көрсету көзделген, деп хабарлайды Tizgin.kz Дүниежүзілік банктің мәліметіне сүйеніп.
Ақша қандай мақсаттарға жұмсалады
Шешімді Дүниежүзілік банктің атқарушы директорлар кеңесі 30 қыркүйекте қабылдаған. Қарыз көлемі – 11 999,7 млн жапон иенасы, бұл 75 млн АҚШ долларына тең. Қаржыландыру «Жасанды интеллект саласындағы адами капиталды, кәсіпкерлікті және нарықтарды дамыту» – ALEM жобасына арналған. Оның мақсаты – технологиялық стартаптарды құруға, әзірлемелерін коммерцияландыруға және бизнесін кеңейтуге көмектесу.
Жоба төрт негізгі бағытты қамтиды:
- цифрлық технологиялар саласындағы мамандарды даярлау;
- өнімділігі жоғары есептеу ресурстарына қолжетімділікті кеңейту;
- робототехникада тәжірибелік үлгілер әзірлеуге арналған инфрақұрылымды нығайту;
- өсу кезеңіндегі компанияларға қажетті тәуекелді капитал тапшылығын азайту.
Банктің бағалауынша, Қазақстанда өсу кезеңіндегі компанияларды қаржыландыруға қажет тәуекелді капиталдың жыл сайынғы тапшылығы 20-25 млн долларды құрайды. Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев Қазақстанның цифрлық экономиканы дамытуда елеулі жетістікке жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба кәсіпкерлерді қолдау, жоғары біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарын ашу және технологиялық секторға қосымша жеке инвестиция тарту арқылы осы әлеуетті экономикалық өсімге айналдыруға көмектеседі.
2031 жылға дейін қандай нәтижеге қол жеткізу жоспарланған
Жоба аясында 2031 жылғы желтоқсанға дейін 28 мың жастың тереңдетілген даярлық бағдарламаларын аяқтауына қолдау көрсету жоспарланған. Сонымен қатар 800 стартапты бастапқы қаржыландыруға дейінгі, бастапқы қаржыландыру және халықаралық акселерация бағдарламаларымен қамту көзделген. Мұндай бағдарламалар жас компанияларға өнімін жетілдіруге, инвестиция тартуға және жаңа нарықтарға шығуға көмектеседі.
Жобаның тағы бір мақсаты – 50-ден астам компанияға венчурлік инвестиция тартуға жәрдемдесу және кемінде 60 млн доллар жеке капитал жұмылдыру. Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сәйкес, Еуропа мен Орталық Азияда жасанды интеллектке негізделген бағдарламалық жасақтаманы қолданатын компаниялардың өнімділігі орта есеппен 10-20 пайызға жоғары.
Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады. Оны Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Astana Hub және Alem Capital Management ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асырады.