$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігін тексеруден кейін 13 қылмыстық іс қозғалды

Қорғаныс министрлігін кешенді тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану және өзге де заң бұзушылықтар бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия мүшелерімен кеңес өткізіп, атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Бұл туралы Ақорда мәліметіне сүйеніп Tizgin.kz хабарлайды.

Маңғыстаудағы трагедия әскердегі жүйелік проблемаларды әшкереледі

Тексерістің негізгі бағыттары бойынша қорытындыны комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева баяндады. Жиында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді. Алдын ала тергеу нәтижесіне сәйкес, әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілген. Бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмаған.

Трагедияның мән-жайын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезіндегі бірқатар елеулі кемшілік анықталған. Олар тәуекелдерді бағалауға, десант түсіруді ұйымдастыруға және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты. Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі.

Тоқаев алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын айтты. Сонымен бірге әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл мәселе Президенттің жеке бақылауында болады. Кешенді тексерістің бірінші кезеңінде Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметінен де заң бұзушылықтар анықталған. Қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану және басқа да фактілер бойынша 13 қылмыстық іс қозғады.

Тексеріс қорытындысы армияны реформалау жоспарына негіз болады

Комиссия әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында да кемшіліктер барын анықтады. Әскери қызметшілерге әлімжеттік жасау және жарғыға қайшы әрекеттер бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Тексеріс барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуына, әскери қызметті өткеру жағдайына, тылдық қамтамасыз етуге және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыруға айрықша мән беріліп отыр.

Президент комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тексеріс нәтижелері Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс. Кеңесте қазіргі заманның сын-қатерлеріне тиімді қарсы әрекет ете алатын жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігі айтылды. Жаңғырудың нәтижесі әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу үшін тиісті жағдай жасалуынан және қауіпсіздік деңгейінің артуынан көрінуі керек.

Сонымен қатар кешенді тексерістің объективті жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеуі қажет екені атап өтілді. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуға тиіс.

Комиссия жұмысы жалғасып жатыр.

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button