Президент әкімшілігінен кеткен Жарылғанов жаңа қызметке тағайындалды
Айдар Жарылғанов әділет вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін Мемлекет басшысының өкімімен Айдар Төлетайұлы Жарылғанов Президенті әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылған еді.
Айдар Жарылғановтың өмірбаяны
Айдар Төлетайұлы Жарылғанов 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. 1999 жылы «Семей» мемлекеттік университетінде білім алса, 2001 жылы «Әділет» жоғары құқық мектебін аяқтап, өз саласының білікті маманы атанды. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген.
Айдар Жарылғановтың мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы қаржы және салық жүйесінен бастау алады. Ол 2001-2007 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігі мен Қаржы министрлігінің Салық комитетінде түрлі қызметтер атқарған. Ал 2007 жылдан бастап оның бүкіл еңбек жолы тікелей Ақордамен байланысты болды. Ол Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінде сарапшыдан бастап, консультант, инспектор және сектор меңгерушісіне дейінгі барлық сатылардан өтті. Бұл құрылымдағы табанды еңбегінің арқасында 2019 жылдың сәуірінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, ал 2023 жылы бөлім басшысы болып тағайындалды.
Жарылғанов 2025 жылдың қазанынан бастап Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болса, 2026 жылдың қаңтарынан бастап Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның хатшысы міндетін қатар алып жүрген.