Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында шетелдіктер арасында жаппай төбелес болып, полиция екі адамды ұстады. Кореялық Yonhap агенттігінің мәліметінше, тергеушілер Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары топтарының арасындағы жанжал нұсқасын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ресей мен Қырғызстан азаматтары ұсталған
Оқиға 3 қазаннан 4 қазанға қараған түні Пхёнтхэк қаласының Посын аумағындағы Тогок-ри тұрғын ауданындағы балалар саябағында болған. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, полицияға алғашқы қоңырау сағат 23:10 шамасында түскен. Тұрғын бірнеше көлік жиналғанын айтып, төбелес болуы мүмкін екенін ескерткен. Алайда патруль келгенде жиналғандар тарап кеткен. Сағат 23:41-де полицияға шетелдіктердің қайта жиналғаны туралы екінші хабар түскен. Қоңырау кенет үзілгеннен кейін полиция жағдайды шұғыл деп бағалап, әрекет етудің ең жоғары деңгейі – Code 0 режимін енгізген. Оқиға орнына қосымша патрульдер мен қылмыстық полиция қызметкерлері жіберілген, деп жазады Yonhap.

MBC телеарнасының мәліметінше, полиция оқиға орнында жасы жиырмалардағы екі ер адамды ұстаған. Олардың бірі – Ресей, екіншісі Қырғызстан азаматы. Екеуі де түрлі жарақат алып, медицина көмегіне жүгінген. Олар тергеу кезінде өздеріне күтпеген жерден шабуыл жасалғанын айтып, күдікті әрекеттерге қатысын жоққа шығарған. Полиция ұсталғандардың өздері біржақты шабуылдың құрбаны болуы мүмкін екенін де ескеріп отыр. Yonhap-тың 4 қазандағы хабарында олардың жеке деректері тіркелгеннен кейін емделуі үшін босатылғаны айтылған.
MBC хабарлауынша, ұсталғандар Кореяға оқу визасы және өзге де заңды негіздермен келген. Заңсыз жүргені анықталмаған. Бұған қоса, Қырғызстанның тағы екі азаматы оқиға жөнінде мәлімет беруші ретінде сұралған.
Полиция Қазақстан азаматтарына қатысты нұсқаны тексеріп жатыр
Maeil Business басылымы Пхёнтхэк полициясына сілтеме жасап, Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары топтарының арасындағы келіспеушілік жаппай төбелеске ұласуы мүмкін екенін жазды. Полиция жанжалдың себебін және қатысушылардың өзара байланысын анықтап жатыр. Бұл – тергеу нұсқасы, ал қатысушылардың толық тізімі жарияланған жоқ.
Алғашқы куәгер шамамен 40 шақты адамның төбелескенін айтқан. Алайда полиция бейнебақылау жазбаларына сүйеніп, тікелей қатысқандардың санын шамамен 15 адам деп бағалаған. Оқиға орнынан ағаш таяқтар мен бейсбол таяқтары табылған, деп хабарлайды Maeil Business.
Жергілікті Kyeonggi Ilbo газетінің арнайы материалында осы ауданда 27 қыркүйекте де жанжал болғаны жазылған. Басылым сұхбаттасқан қоғамдық патруль өкілінің айтуынша, сол күні шетелдіктер жиі баратын клубта төбелес болып, Қырғызстаннан шыққан бір адам қатты жараланған. Ол 3 қазандағы саябақ төбелесінен кейін басқа жерде де қақтығыс болғанын айтқан. Бұл мәліметтер куәгердің сөзіне негізделген, оқиғалардың өзара байланысы жөніндегі тергеу қорытындысы жарияланбаған.
Maeil Business мәліметінше, полиция қашып кеткендерді көлік нөмірлері мен бейнебақылау жазбалары арқылы іздеп жатыр. Тергеушілер алдын ала келісу және көліктерді ұйымдастырып әкелу мүмкіндігін де тексеруде. Әзірге оқиғаның ұйымдасқан қылмыстық топтар арасындағы қақтығыс екені расталмаған. Қосымша жанжалдың алдын алу үшін 5 қазаннан бастап Тогок-ри ауданында патруль мен тексеру күшейтілген.