Ақтаудағы депутат өлімі: клиниканың қателігі анықталды
Ақтау қаласындағы жеке клиникада науқас қайтыс болғаннан кейін көрсетілген медициналық көмектің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов пластикалық операция жасау үшін жүгінген жеке клиникада оның қайтыс болуынан кейін жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Бұл туралы Tengri Health-қа облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті мәлімдеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомство мәліметіне сәйкес, Ақтау қаласындағы жеке клиникада науқас қайтыс болғаннан кейін көрсетілген медициналық көмектің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Тексеру ұйымдастырушылық-тактикалық, емдеу-диагностикалық іс-шаралар бойынша, сондай-ақ медициналық құжаттаманы жүргізуде бірқатар кемшіліктерді анықтады», – деп хабарлады ведомство.
Белгілі болғандай, 2026 жылғы 4 сәуірде сағат 13:35-те науқас Ербол Айтуов жағдайы күрт нашарлағаннан кейін жедел жәрдеммен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының «қызыл» аймағына жеткізілген. Бір айдан кейін, 2026 жылғы 5 мамырда ол жансақтау бөлімінде қайтыс болған.
Тексеру барысында Айтуовтың II типті қант диабетімен ауырғаны және диспансерлік есепте тұрғаны да анықталды. Бұл жағдай хирург үшін ота алдында науқасты қосымша тексерулерге, атап айтқанда қандағы қант деңгейін реттеу мақсатында эндокринологқа жіберуге негіз болуы тиіс еді. Алайда фармацевтикалық бақылау деректеріне сәйкес, мұндай шаралар қабылданбаған.
«Ота алдында науқас қандағы глюкоза деңгейін түзету үшін эндокринологтың кеңесіне жіберілмеген. Іс жағдайын талдау барысында ер адам жоспарлы хирургиялық араласу алдында тексерілгені анықталды, алайда операция алдындағы дайындық пен қауіп-қатерді бағалаудың бірқатар кезеңдері қолданыстағы стандарттарға толық сәйкес орындалмаған», – деп хабарлады ведомство.
Департаментте атап өтілгендей, науқастарды жоспарлы отаға жіберу және отаға рұқсат беру туралы шешім қабылдауға жауапкершілік клиникада бас дәрігер қызметін атқаратын пластикалық хирургке жүктеледі.
Сондай-ақ, анықталған қатар жүретін ауруларға қарамастан, ол қосымша тексерулер тағайындамаған және жоспарлы отаны жүргізу мүмкіндігін бағалау үшін науқасты эндокринолог пен терапевттің консультациясына жібермегені нақтыланған.
«Зертханалық көрсеткіштердегі анықталған ауытқуларды ескере отырып, науқасты қосымша тексеруден өткізуге және анықталған бұзушылықтарды түзетуге жіберу қажет болған», – деп атап өтті ведомство.
Тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша медициналық орталыққа бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді, сондай-ақ ӘҚБтК-нің 464-бабы 1-бөлігі («Лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімдерінің нормаларын бұзу») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Тексеру материалдары Маңғыстау облысының полициясы мен прокуратурасына жолданды. Енді құқық қорғау органдары медицина қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беретін болады.
Еске сала кетсек, ресми үндеуді «Қасиет» медициналық орталығы Instagram парақшасында жариялаған болатын. Мекеме Ербол Айтуовтың отбасы мен жақындарына ауыр қайғыға байланысты көңіл айтты. Клиникада айтылғандай, айып тағылып жатқан дәрігер ота жасамаған. Сондай-ақ, медициналық мекемеде лицензия жоқ екендігі туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.