Без рубрики

ДДСҰ қызылшаның жаңа өршу қаупі туралы ескерту жасады

Ең үлкен алаңдаушылық қызылшаға қарсы вакцинацияға қатысты. Балалардың тек 84%-ы вакцинаның бірінші дозасын, ал екінші дозасы тек 77%-ы алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен ЮНИСЕФ әлемнің көптеген елдерінде балаларды вакцинациялау деңгейінің жеткіліксіз болуына байланысты қызылшаның жаңа өршу қаупі сақталып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz  порталы БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.

Ұйымдардың бірлескен есебіне сәйкес, 2025 жылы нәрестелердің 90%-ы дифтерия, сіреспе және көкжөтелге қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. Ал балалардың 85%-ы иммундаудың толық курсынан өткен. COVID-19 пандемиясынан кейін вакцинация көрсеткіштері біртіндеп қалпына келе бастағанымен, әлі де миллиондаған бала қажетті қорғаныссыз қалып отыр.

Ең үлкен алаңдаушылық қызылшаға қарсы вакцинацияға қатысты. Балалардың тек 84%-ы вакцинаның бірінші дозасын, ал екінші дозасы тек 77%-ы алған. Ал аурудың жаппай таралуының алдын алу үшін вакцинамен қамту деңгейі кемінде 95% болуы қажет. Соның салдарынан 2025 жылы әлемнің 57 елінде қызылшаның ірі өршу ошақтары тіркелді.

ДДСҰ мен ЮНИСЕФ мәліметінше, бірде-бір екпе алмаған балалардың саны 13,5 миллионға дейін азайған. Дегенмен көптеген бала вакцинацияны бастап, оны толық аяқтамайды.

Сарапшылардың айтуынша, ең күрделі жағдай қарулы қақтығыстар, кедейлік пен саяси тұрақсыздық жайлаған елдерде байқалады. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттерде вакцинацияға деген сенімнің төмендеуі де иммундау деңгейіне кері әсерін тигізіп отыр.

ДДСҰ мен ЮНИСЕФ елдерді вакцинация бағдарламаларын күшейтіп, барлық балалардың екпеге қолжетімділігін қамтамасыз етуге шақырды. Бұл қызылша мен басқа да қауіпті жұқпалы аурулардың жаңа өршуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Back to top button