Бишімбаев бірінші ісінде ақталуы тиіс еді – Құспан
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан El.kz порталына берген сұхбатында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың екі ісі жөнінде пікір білдірді. Ол бірінші іс бойынша Бишімбаев ақталу керек деп есептейтінін, екінші істе лайықты жазасын алғанын айтты.
Депутат аталған істе адвокат ретінде жанама қатысы болғанын айтты. Сөзінше, сол кездегі тергеу мен сот процестерінде дәлелдер жеткіліксіз болған.
«Ол жерде мен Бишімбаевтың кінәсін ақтау керек деп есептейтін едім. Неге десеңіз. Ол пара алып жатқан кезде ұсталған адам емес. Оның бәрі жан-жақтан «анау айтты, мынау айтты» деген сипатта болған. Негізі парада бұрын 3 сараптама тағайындалатын. Сот-химиялық (қолына порошок жағады, оны алған кезде ақшадағы порошокпен сәйкес келуі керек), сот-фоноскопиялық (пара алған адамның даусын анықтайды), сот-психологиялық-филологиялық (бір адам бір адамға қарыз беріп, соны қайтарып жатқан болуы мүмкін) – осының бәрі жайына қалды. Қазір «анау айтты, мынау айтты» деп парамен соттай салады», – дейді депутат.
Құспан бұл істе бейнежазба да, нақты сараптама да болмағанын атап өтті. Оның пікірінше, Бишімбаевқа тағылған айыптар жеткілікті дәлелмен бекітілмеген.
«Менің ойымша, ол іс бойынша жаза жеңілдетілуі тиіс емес, керісінше толық ақталуы керек еді. Ал енді соңғы қылмысы бойынша лайықты жазасын алды», – деді депутат.
Сондай-ақ ол Бишімбаевтың бірінші ісі белгілі бір мүдделер қақтығысымен байланысты болғанын да атап өтті.