TOP-2Жаңалықтар

Бір ауыз өтініш – мыңдаған қолдау: сал ауруы бар Тимурдың оқиғасы желіні тәнті етті

Сал ауруына шалдыққан астаналықтың өтініші мыңдаған жанның қолдауына ие болды

Әлеуметтік желіде сал ауруына ұшыраған Тимур есімді жігіт Астана қаласының тұрғындарына өтінішін жазды. Ол жеке парақшасына 34 жаста екенін, Астана қаласында тұратынын, оңалту орталығында кітапханашы болып жұмыс істейтінін, сондай-ақ өлең жазатыны туралы жазған. Церебралды сал ауруына (спастический гиперкинез) ұшыраған ол кітап шығару туралы арманы бар екенін жазған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Астанада жұма немесе сенбі күні кешке менімен саябақта серуендеп, серік бола алатын адам бар ма? Уақыты мен мүмкіндігі болса – қуанышты болар едім.  Алғыс ретінде міндетті түрде тәтті мақта немесе балмұздақ алып беремін», – деп жазды ол парақшасына.

Әлеуметтік желі қолданушылары оның өтінішін жерде тастамады.

«Бауырым, Ереймантауға барайық. Біз жұмыс бойынша бара жатырмыз. Ол жақ сондай әдемін. Көлікте әрдайым орын бар. Мен Павлодардың тұрғынымын».

***

«Мен де сал ауруына ұшырағанмын. Омыртқам 4 жерден… Жасым 60-та. Саған әкеңдей бола аламын. Сенімен кездескелі жатқан өзіңмен қатарлас жастарға мейірімділіктері, үлкен жүректері үшін алғыс айтамын».

***

«Мен мүмкіндігі шектеулі жалғызбасты анамын. 7 жыл бойы үйден шыққан жоқпын. Биыл арнайы арба алып, 7 жастағы ұлыммен бірге серуендейтін болдық. Біреу үшін бұл қарапайым серуен шығар, ал мен үшін бақыт және баламмен өткізген ең керемет уақыт. Мен сен сияқты кездесуге өтініш айтатындай батылдығым болмады, ал қол ұшын созуға дайын жақсы адамдар көп екен».

***

«Егер қаласаң – саған арнайы барып скрипкада ойнап беремін», «Әлемге сенсең – ол да саған құшағын ашады екен. Бұл жерде жазылған пікірлерден соны түсіндім. Жылап отырмын, арамызда адамгершілігі мол адамдар көп екен» деген пікірлер жазылды.

Back to top button