«Астана – Қабанбай» жолын жөндеуге бөлінген 2,4 млрд теңгенің тендерінен дау шықты
Бас көлік прокуратурасы автожолдарды салып, жөндеу кезіндегі сатып алулар мен сапаны бақылау жұмыстарында заңның бұзылғанын анықтады. Кейбір мердігерлер конкурсқа өзінде жұмыс істемейтін адамның құжаттарын ұсынған. Ал техникалық қадағалауға жауапты алты маман бір мезгілде 19 жол нысанына тартылған, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасаған Tizgin.kz.
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатысты сатып алуға қатысатын компанияның штатында бейінді білімі бар учаске бастығы болуы міндетті. Алайда құны 2,4 млрд теңге болатын республикалық маңызы бар «Астана – Қабанбай» автожолын орташа жөндеу жөніндегі сатып алуда жеңімпаз компания бұл талапқа сәйкестігін өзінде жұмыс істемейтін адамның құжаттарымен растаған. Басқа өтінімдерге қоса берілген учаске бастықтарының дипломдарының түпнұсқалығы да расталмаған.
Прокуратураның ұсынуы бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы бірқатар кәсіпкерлік субъектісін сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап арыз берген. Олардың бірі қанағаттандырылған, қалғандары сот өндірісінде қаралып жатыр.
Алты маман бір мезгілде 19 жол нысанына тартылған
Тексеру барысында жол нысандарындағы техникалық қадағалауды ұйымдастыруда да бұзушылықтар анықталған. Техникалық қадағалау жол материалдары мен орындалған жұмыстардың, соның ішінде жасырын жұмыстардың сапасын тұрақты тексеруге тиіс. Алайда бір техникалық қадағалау субъектісіне бір мезгілде бес жол учаскесі бекітілген жағдайлар болған.
Жалпы, 19 жол нысанында қатар жұмыс істеуге тартылған алты жауапты тұлға анықталған.
Прокуратураның араласуынан кейін тиісті шаралар қабылданып, техникалық қадағалау мамандарының саны мердігерлік нысандарға сәйкес келтірілген. Заңбұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылған. Қандай жаза қолданылғаны хабарламада нақтыланбаған.