TOP-2Жаңалықтар

Іздеудегі “Астана LRT“ экс-басшысы Талғат Ардан қайда жүр

Былтыр Түркияда ұсталған «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге дейін экстрадицияланған жоқ. Бұл туралы Қазақстанның Бас прокуратурасы Tengrinews.kz редакциясына хабарлаған.

Қазақстанның Бас прокуратурасы халықаралық іздеуге жарияланған Арданды ұстап беру туралы сұрауды 2019 жылы жолдаған. Содан бері Түркияның құзырлы органдары оны іздестіру жұмыстарымен айналысқан.

2025 жылы мамырда Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Астана LRT» компаниясының қашып жүрген бұрынғы басшысы Талғат Арданның Антальяда ұсталғанын хабарлаған еді.

2025 жылы 9 мамырда Анталья соты Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдаған. Содан бері ол Түркияда қамауда болған. Былтыр тамыз айында Бас прокуратура Қазақстанда сырттай сотталған Талғат Арданның әлі күнге дейін елге экстрадицияланбағанын хабарлаған еді.

Бір жылдан кейін Бас прокуратура не дейді?

Қадағалаушы органның мәліметінше, Талғат Ардан Түркияда ұсталғанына бір жыл өтсе де, әлі күнге дейін Қазақстанға экстрадицияланбаған.

«Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның Бас прокуратурасы ұстап беру туралы сұрауды Түркия әділет министрлігіне жолдаған. Қазір түрік тарапы аталған сұрау бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды ұстап беру туралы келісімде мұндай өтініштерді қараудың нақты мерзімі көзделмеген. Сондықтан оны экстрадициялау туралы сұрау Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады», – делінген Бас прокуратураның Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.

Жауаптан белгілі болғандай, Қазақстан мен Түркия арасында 1995 жылы қол қойылған келісімде мұндай сұрауларды қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Демек, ол бір жылдан кейін де, тіпті 10 жылдан кейін де қаралуы мүмкін.

Еске салайық, 2023 жылғы мамырда Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған еді. Екеуі де бюджет қаражатын жымқырды және ысырап етті деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

2024 жылғы қарашада Арданға қатысты тағы бір үкім шықты – ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылды. Екі үкімді ішінара қосу арқылы оған мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Астана LRT» жобасы алдағы демалыс күндері – 16-17 мамырда іске қосылмақ.

Back to top button