$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Жаңалықтар

АҚШ-та Қытай көліктеріне толық тыйым салу ұсынылды

АҚШ-тың Автомобиль өнеркәсібіндегі инновациялар одағы Конгресті Қытайда өндірілген автокөліктер мен оларға қатысты барлық өнімдерге толық тыйым салуға шақырды. Бұл туралы ұйымның президенті Джон Боззелла қол қойған хатта айтылған, Бұл туралы Tizgin.kz порталы «РИА Новости» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұйым құрамында әлемдік автоконцерндер бар

Аталған одақ АҚШ-тағы және шетелдік автокөлік өндірушілері мен қосалқы бөлшек шығарушылардың мүддесін қорғайды. Оның құрамына Ford, General Motors, BMW Group, Honda, KIA, Hyundai, Mercedes, Toyota және басқа да компаниялар кіреді. Ұйымның ресми сайтында барлығы 45 компания көрсетілген.

Қытайға тағылған айыптар

Құжатта Қытай әділетсіз сауда тәжірибесін қолданады, мемлекеттік субсидия береді, зияткерлік меншікті ұрлайды және тыңшылықпен айналысады деген айыптар айтылған.

Сондай-ақ, ұйым Қытайда шығарылған көліктер көлік пен тұтынушы туралы маңызды ақпаратты жинап, өңдеп, Қытай Коммунистік партиясына береді деп мәлімдейді.

Хатта мемлекеттік қолдаудың арқасында бағасы төмен қытайлық көліктер Еуропа, Аустралия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Мексика және Оңтүстік Америка нарықтарында үлесін арттырып жатқаны айтылған.

Қытай айыптауларды жоққа шығарды

Бейжің бұған дейін де технология ұрлады деген айыптауларды бірнеше рет теріске шығарып, оларды негізсіз деп атаған.

АҚШ-та жаңа заң жобасы ұсынылды

Джон Боззелла Конгресті биылғы сессия аяқталғанға дейін Қытаймен байланысты автокөліктерге, қосалқы бөлшектерге және бағдарламалық қамтамасыз етуге толық тыйым енгізуге шақырды.

Айта кетейік, мамыр айында АҚШ Конгресінің мүшелері интернетке қосылатын Қытай, Иран, Солтүстік Корея және Ресейде өндірілген автокөліктерді 2027 жылдан бастап елге импорттауға тыйым салуды көздейтін екі партияның ортақ заң жобасын ұсынған болатын.

Пекиннің ұстанымы

Қытай билігі елдің халықаралық сауда-экономикалық ережелерді бұлжытпай сақтайтынын мәлімдеп келеді. Сонымен қатар, АҚШ-ты негізсіз айыптауларды тоқтатуға және екіжақты сауда қатынастарына зиян келтірмеуге шақырды.

Пекиннің пікірінше, АҚШ-тың ішкі экономикалық мәселелерін сыртқы факторлармен байланыстыруы түйткілдердің шешіміне әкелмейді. Қытай тарапы екі ел арасындағы мәселелер теңдік, өзара құрмет және өзара тиімділік қағидаттары негізінде келіссөздер арқылы шешілуі тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Бейжің АҚШ-ты біржақты санкциялар мен экстерриториялық шектеулерді күшейтіп, нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын бұзып отыр деп айыптады.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button