«Аманаттан» соң Әшімбаев елді Президент реформалары төңірегіне бірігуге шақырды

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата бюросының отырысында қазақстандықтарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағыты төңірегіне топтасуға шақырды. Жиында депутаттар алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарын және Президент тапсырмаларын іске асыру барысын талқылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сенат спикерінің айтуынша, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттілікті нығайту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру.
Мәулен Әшімбаев соңғы жылдары Президент бастамасымен елімізде ауқымды саяси және институционалдық реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция Қазақстан дамуының сапалы жаңа кезеңінің басталуын білдіреді.
«Бұл стратегиялық бағыттың басты мақсаты – тәуелсіздікті нығайту, мемлекеттілікті қорғау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Конституциялық қағидаларды толық іске асыру үшін реформаларды жүйелі әрі мақсатты түрде жалғастыру қажет. Бұл жолдағы негізгі табыс факторы – қоғамдық бірлік пен ынтымақ. Сондықтан еліміз үшін тағдыршешті кезеңде барлық қазақстандықтардың Мемлекет басшысының саяси бағыты төңірегіне топтасуы аса маңызды», – деді Сенат төрағасы.
Сондай-ақ ол Парламенттің қазіргі сессиясы аяқталғанға дейін ауқымды заң шығару жұмыстары күтіп тұрғанын айтты. Алдағы уақытта сенаторлар Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін қарайды. Бұдан бөлек, 30-дан астам заң жобасы мен халықаралық келісімдерді ратификациялау мәселелері талқыланады.
Айта кетейік, бұл заңнамалық өзгерістердің барлығы елде жүргізіліп жатқан реформаларды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге және жаңа Конституция нормаларын іске асыруға бағытталған.
Бұған дейін осындай үндеуді “Аманат” партиясы да таратқан еді.