“Аманат” партиясы барлық күштермен бірігуге дайынбыз деп мәлімдеме жариялады
Астанада Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалығымен партиясы Саяси кеңесінің отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттегі барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеуге шақырған мәлімдеме қабылданды. Отырысқа Саяси кеңес пен партия Бюросының мүшелері, Орталық аппараттың басшылығы, өңірлік филиалдардың төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Ерлан Қошанов жуырда Мемлекет басшысы Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде ел дамуының жаңа бағытын айқындап, барлық салауатты әрі прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді жалпыұлттық құндылықтар мен мақсаттар төңірегіне топтасуға шақырғанын атап өткен. Осыған байланысты, «AMANAT» жауапты саяси партия ретінде Мемлекет басшысының үндеуін толық қолдайтыны, елді дамытуға бағытталған ауқымды президенттік күн тәртібін жүзеге асыру жолында еңбек етуге дайын барлық күштермен өз әлеуетін біріктіруге дайын екені жазылған.
«Бүгін біз осы тарихи кезеңнің маңызын терең түсінуіміз керек. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуірі басталды. Ешқандай асыра сілтеусіз айтар болсақ, бұл – халқымыз қолдаған Президентіміздің аса ірі жетістігі әрі саяси жеңісі. Енді біздің алдымызда жаңа Конституцияда белгіленген барлық мақсатты жүзеге асыру міндеті тұр. Бұл – жалғыз атқаруға келмейтін күрделі жұмыс. Ол бізден жұдырықтай жұмылуды, бірлік пен келісімді талап етеді. Бүгін біз қоғамға жауапкершілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуіміз қажет», – деді Ерлан Қошанов.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева жаңа Конституция күшіне енуінің тарихи маңызын атап өтіп, қоғамдық-саяси күштерді мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттері төңірегінде топтасуға шақырды. Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев Президент бастамашы болған реформалар өңірлердің серпінді дамуына ықпал етіп, жүргізіліп жатқан өзгерістерге деген азаматтар сенімін нығайтып отырғанын айтты. Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Нұрбек Қарасаев мемлекеттің ауқымды қоғамдық-саяси жаңғыруы жағдайында қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың маңызына назар аударды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Ата Заңның күшіне енуі жаңа саяси кезеңді ашатынын айтып, ел тәуелсіздігін нығайту жолында күш-жігерді біріктіруге шақырған.
«AMANAT» партиясының Саяси кеңесі мәлімдемесінің мәтінімен төмендегі сілтеме арқылы танысуға болады.
Бұған дейін бір емес, екі БАҚ “Аманат” партиясының “Әділет” партиясына қосылатыны жайлы ақпарат таратқан.
Әуелі бұл ақпарат Ұлысмедиа порталында шыққан. Басылым сенімді бірнеше дереккөзге сілтеме жасай отырып, осы мәліметті таратты. Тіпті сауалнама жүргізіп үлгерді.
Ізінше, “Аманат” партиясының “Әділет” партиясына қосылатыны жайлы мәселе талқыланып жатқанын Бесмедиа хабарлады. Басылым бұл ақпаратты депутат Ерлан Сайыровқа сілтеме жасай отырып жеткізді.
Екі партия да әзірге бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. “Аманат” партиясының съезі 12 маусымда өтеді.