TOP-1Эксклюзив

Әлем чемпионы, жайдарманшы мен асаба: мәслихат сайлауына кімдер түскелі отыр

Биыл 29 қарашада өтетін кезектен тыс мәслихат сайлауына Қазақстан бойынша 10 971 кандидат тіркелді, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы. Tizgin.kz редакциясы мәслихат депутаттығына өз кандидатурасын ұсынғандар тізімін саралап, олардың ішінде елге белгілі адамдар да сайлауға түскелі отырғанын анықтап білді.

Сайлауға әлем чемпионы мен асаба тіркелді

Аралас жекпе-жек жанкүйерлеріне «Сұңқар» деген лақап атпен таныс Арман Оспановты «Әділет» партиясы Шымкент қалалық мәслихатының №3 округінен ұсынған. Ол жауынгерлік самбодан үш дүркін әлем чемпионы PFL, ACA және Alash Pride турнирлерінде өнер көрсеткен. Сайлау комиссиясының тізімінде Оспанов қалалық күрес федерациясының вице-президенті ретінде көрсетілген. Арман Оспанов мәслихат депутаты болуды көздеп отырғанын бұған дейін Tizgin.kz порталына берген сұхбатында айтқан еді. 

Одан бөлек спортшылардың арасынан белгілі боксшы Бекзат Нұрдаулетов өз кандидатурасын ұсынып отыр. 2019 жылы әлем, ал 2024 жылы Азия чемпионы атанған спортшы енді саясатқа бет бұруды көздесе керек. Ол Маңғыстау облысы мәслихатына депутат болу үшін сайлауға барады.

Тізімде әзілкеш, актер Мансар Орынханның да есімі аталады. Орынхан көрерменге «Жайдармандағы» «Миллион» командасы арқылы танылған. Биыл ол Түркістан облысы күрес федерациясының вице-президенті атанған болатын.

Депутаттыққа үміткерлер қатарында Елдос Үшкемпіров бой көрсетті. Жақсылық Үшкемпіровтың ұлы «Мыңбай» шаруа қожалығын басқарады. Ол Алматы облыстық мәслихатының №6 округінің атынан ұсынылған.

Сонымен қатар биыл үміткерлер арасында асаба Нұрқасым Хасенов бар. Ол сайлауға Солтүстік Қазақстан облысындағы Ақжар аудандық мәслихатының атынан түседі.

Спорт саласынан тізімде Данияр Қасқарауов пен Мұрат Аханов та бар. Қасқарауов бұған дейін Alash Pride FC промоушенін, ал Аханов оның Түркістандағы клубын басқарған. Бірмандатты жүйеде болған Данияр Қасқарауов Мәжілістен кеткен кезде Парламентке қайтадан бармайтынын мәлім еткен еді. Ол қазір «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының басшысы болып, жұртшылықпен кездесіп,

Мәслихат сайлауы

Қазақстанда 29 қарашада мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын жасақтауға бағытталған. Дауыс беру барысында азаматтар өз өңіріндегі мәслихат депутаттарын таңдайды. Мәслихаттар жергілікті бюджетті бекіту, өңірлік даму бағдарламаларын қарау және олардың орындалуын бақылау сияқты маңызды өкілеттіктерге ие.

Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйе бойынша өткізіледі. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттарында депутаттардың 50 пайызы партиялық тізімдер арқылы, қалған 50 пайызы бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары бірмандатты округтер арқылы сынға түседі. Мұндай округтерде саяси партиялар ұсынған кандидаттармен қатар өзін-өзі ұсынған азаматтар да сайлауға түсе алады. Депутаттық мандат дауыс беру нәтижесіне сай бөлінеді.

Қазақстанда ресми тіркелген жеті саяси партия бар. Олар: «Әділет», «Ақ жол», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» пен Respublica партиясы.

Сайлаушылар дауыс беру күні өздері тіркелген сайлау учаскесіне барып, жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі керек. Дауыс беру жалпы тәртіп бойынша жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Сайлау қорытындысы дауыстар саналып, тиісті сайлау комиссияларының хаттамалары рәсімделгеннен кейін жарияланады.

Авторы Дария Гумарова

Back to top button