TOP-2Білім

“Айтылды – орындалды”: Аймағамбетов кәсіптік білімдегі бюрократияның бірі жойылғанын айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов кәсіптік-техникалық колледждер үшін бір тамаша жаңалық барын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Біз тағы бір қисынсыз бюрократиялық кедергіні жойдық. Кәсіпкерлік кодекске енгізген авторлық түзетуіміз ресми түрде қабылданды. Мәселе неде еді? Болашақ наубайшыларды, тігіншілерді, ұсталарды немесе дәнекерлеушілерді даярлайтын колледжді көз алдыңызға елестетіңізші. Өндірістік практика кезінде студенттер нан пісіреді, киім тігеді, жиһаз жасайды. Колледж материалдардың шығынын жабу және студенттерге нарықпен жұмыс істеудің шынайы тәжірибесін беру үшін осы өнімдерді сата алса, логикаға сай болар еді ғой”, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, өзі кезінде Үкіметте жұмыс істеп жүргенде «Білім туралы» заңға өзгерістер енгізіп, оларға осындай құқық берілуіне қол жеткізген. Бірақ өңірлердегі монополияға қарсы органдар бұл норманы әртүрлі түсінген. «Нан немесе жиһаз нарығында бәсекелестік жоғары, сіздерге ол жаққа кіруге болмайды» деп жиі бас тартатын. Осылайша тығырыққа тірейтін жағдай туындаған: мамандыққа баулуға болады, ал студенттердің практикада өз қолымен жасаған еңбегінің нәтижесін сатуға болмайды.

“Енді біздің түзетуіміздің арқасында білім беру ұйымдары осы бір қатаң талаптан алып тасталды. Енді: Колледждер студенттердің қолынан шыққан нан-тоқаш, тоқыма, ағаш және басқа да бұйымдарды ешқандай қағазбастылықсыз, заңды түрде сата алады. Оқу орындары өз мұқтаждықтарына және келесі практикаларға қажетті шикізат сатып алуға қосымша қаражат табу мүмкіндігіне ие болады. Айтылды-орындалды”, – дейді ол.

Back to top button