Жаңалықтар

“Айдарбекпен емес, Абай атамызбен дауласыңыздар”: сынға іліккен Қожаназаров үн қатты

Кеше дебатқа шыққан “Республика” партиясының басшысы Айдарбек Қожаназаров “Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы” деген сөзі үшін қоғам сынына ұшырап жатыр. Осыдан кейін партия төрағасы сөзіне түсіндірме беріп, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Абайдың өзіне жүгінейікші”

Айдарбек Қожаназаров, Абай қазақты түзеуге қам жеген адамға екі нәрсе керек деген сөзіне есіне алады. “Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп, сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді”.

“Мәселенің түйіні осы. Мал – мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет – ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал. Құнанбайдың дәулеті Абайға талант берген жоқ. Бірақ сол таланттың ашылуына қажетті білімге, ортаға, мүмкіндікке жол ашты. Қазақ тарихында да ауқатты азаматтар мектеп ашып, баспасөз бен ағартушылықты, елдік істерді қаржыландырды. Кеңес өкіметінің тәркілеуді ең алдымен ірі байлардан бастауы да тегін емес. Өйткені дәулет – экономикалық дербестік, мүмкіндік және ықпал еді. Сондықтан “Құнанбайдан да байлар болды, неге бәрінен Абай шықпады?” деген уәж әлсіз. Мал талант тудырмайды – талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді – білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді – бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді. Сондықтан сөзді бұрмалаудың қажеті жоқ.

Сіздер Айдарбектің емес, Абайдың сөзін бұрмалап жатсыздар. Ал “есепсіз бай боларға керек” деген сөзбен келіспесеңіздер – Айдарбекпен емес, ар-ұятты ысырып қойып Абай атамызбен дауласыңыздар”, – дейді ол.

Жұрт оны не үшін сынады

Айдарбек Қожаназаров күні кеше “Ақжол” партиясының төрағасы Дания Еспаевамен дебатқа шыққан сәтте “Абайды Абай қылған Құнанбайдың малы, сол үшін біз елде Құнанбайлар көп болуы үшін жұмыс істеуіміз керек” деген еді. Осы сөзін қоғам тарапы әртүрлі қабылдаған. “Құнанбайдан да малы көп байлардан неге Абай тумады?” деп сынағандар болды.

 

Back to top button