$ 450.62 € 504.20 ₽ 5.36
Жаңалықтар

2027 жылдан жәрдемақы тағайындау өзгереді: сарапшы үш маңызды шартты атады

Сарапшы Яков Воронков әлеуметтік көмекті отбасының тұрмыс жағдайына қарай тағайындау туралы өзгерістерге пікір білдірді. Оның пікірінше, мұқтаж адамдарға басымдық беру орынды. Алайда жаңа тәртіп тиімді жұмыс істеуі үшін отбасының нақты жағдайын ескеру, азаматтарға түсінікті ақпарат беру және қате шешімдерді жедел қайта қарау мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанда 2027 жылы 1 қаңтардан бастап кейбір әлеуметтік төлемдерді тағайындауда отбасының әл-ауқаты ескеріледі. Ресми түсіндірмеге сәйкес, тұрмыс жағдайы жоғары «А» және ауқатты «В» санатындағы отбасыларға жекелеген төлемдер берілмейді. Өзгерістер әлеуметтік қолдауды оған мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді.

Қазақстанның әлеуметтік қолдау жүйесі қандай деңгейде

Воронков жаңа тәртіпті бағалағанда Қазақстанның әлеуметтік қорғау саласындағы нәтижелеріне де назар аудару қажет деп есептейді. Ол халықаралық ұйымдардың деректерін келтіріп, елдің Орталық Азиядағы көрсеткіштерін салыстырған.

Сарапшы Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйеніп, Қазақстанда әлеуметтік қорғаумен қамту деңгейі 94,3% екенін атап өтті. Оның келтірген мәліметі бойынша, Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 56%, Қырғызстанда – 42,9%, Түрікменстанда – 42,7%, Тәжікстанда – 34,1%.

Воронков бұл сандарды жәрдемақы алушылардың үлесімен шатастырмау керектігін түсіндірді. Көрсеткішке ақшалай әлеуметтік төлем алатындармен бірге әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна төлейтіндер де кіреді. Яғни ол халықтың әлеуметтік қорғау жүйесімен қаншалықты қамтылғанын білдіреді.

БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебінде жарияланған, 2023 жылғы деректерге негізделген Адам дамуы индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші – 0,837. Ел 193 мемлекет пен аумақ арасында 60-орында тұр. Қазақстан – Орталық Азияда адам дамуы өте жоғары елдер санатына кіретін жалғыз мемлекет. Индекс өмір сүру ұзақтығын, білім деңгейін және табысты ескереді.

Әлеуметтік көмектің кімге жететінін сипаттайтын дерек те бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің 82,5%-ы табысы ең төмен халықтың 20%-ына жатады. Бұл АӘК алушылардың басым бөлігі аз қамтылған азаматтар екенін көрсетеді.

Сарапшының пікірінше, осы нәтижелерді сақтап, әлеуметтік қолдау жүйесін әрі қарай жетілдіру маңызды. Ал жаңа тәртіптің тиімділігі көмектің шын мұқтаж адамдарға жетуімен бағалануға тиіс.

Жаңа тәртіпте қандай мәселелер ескерілуі керек

Воронков бюджет қаражаты шектеулі, ал отбасылардың мүмкіндігі әртүрлі екенін атап өтті. Сондықтан әлеуметтік көмек тағайындағанда мұқтаждықты ескерудің қисыны бар деп санайды. Дегенмен ол өзгерістерді іске асыру кезінде үш мәселеге басымдық беруді ұсынды.

Біріншісі – отбасының нақты жағдайын көрсететін өзекті дерек. Сарапшының айтуынша, бір табысқа қанша адам қарап отырғанын, емделуге кететін шығынды және тұрақты күтімге мұқтаж отбасы мүшелерінің бар-жоғын ескеру қажет. Үйі мен көлігінің болуы отбасының күнделікті қажетіне қаражаты жеткілікті екенін білдірмейді. Оның үстіне тұрмыс жағдайы тез өзгеруі мүмкін, сондықтан мәліметтер уақтылы жаңартылып отыруға тиіс.

Екіншісі – азаматтарға түсінікті ақпарат беру. Әр отбасы өзіне қатысты қандай өзгеріс болатынын, шешімнің қалай қабылданатынын және қандай қолдауға үміт арта алатынын алдын ала білуі керек. Бұл, әсіресе, әлеуметтік төлемге сүйеніп, отбасылық шығынын жоспарлап отырғандар үшін маңызды.

Үшіншісі – қате шешімді жедел қайта қарау мүмкіндігі. Дерекқордағы мәлімет дұрыс болмаса немесе отбасы басқа санатқа жатқызылса, азаматтар шешімді оңай әрі тез қайта қарата алуы қажет. Сарапшы адамдардың қатені түзету үшін айлап мекеме жағалап жүрмеуі керектігін атап өтті.

Воронков үнемделген қаражаттың қалай жұмсалатынына да назар аударды. Оның ойынша, бұл ақша қазіргі қолдауы жеткіліксіз азаматтарға қосымша көмек көрсетуге бағытталғаны жөн.

Сарапшы жаңа ережелердің нәтижесін мұқтаж отбасылар алатын көмектің жеткіліктілігімен, қолдаусыз қалған адамдар санының азаюымен және кедейлік деңгейінің төмендеуімен бағалау керек деп есептейді.

Back to top button