«Жағдай түзелмесе, ол іспен басқалар айналысады»: Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына шүйлікті
Үкімет отырысында Премьер-министр Бектенов «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа ескерту жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Жолдардың сапасы жоқ»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше күн бұрын қала іші мен шетіндегі жолдардың күйі нашар екенін айтып, оны ұят жағдайға теңеген еді. Бектенов бұл мәселеге «ҚазАвтоЖол» кінәлі деп санайды.
«Баяндама жақсы, бірақ шешілмей жатқан мәселе өте көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Жолдардың сапасы жоқ. Жағдайды түзету керек. Түзетіңіз немесе бұл іспен басқа адамдар айналысады. Ұқтыңыз ба?», – деді Бектенов.
Дархан Иманашев ескертуді қабылдағанын айтты.
«ҚазАвтоЖол» басшылығының былтырғы табысы қандай
Еске салсақ, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» басшылығының былтырғы табысы 200 млн теңгеден асқаны туралы жаздық. Елдегі ақылы жолдарға жауапты «КазАвтоЖол» компаниясы басшыларының сыйақысы бір жыл ішінде айтарлықтай өскен. Компанияның негізгі басқарушы құрамындағы топ-менеджерлерге жалақы мен сыйақыны қоса есептегенде, былтыр 204,3 млн теңге төленген.