Жаңалықтар

«ҚазАвтоЖол» басшылығының былтырғы табысы 200 млн теңгеден асты

Елдегі ақылы жолдарға жауапты «КазАвтоЖол» компаниясы басшыларының сыйақысы бір жыл ішінде айтарлықтай өскен. Компанияның негізгі басқарушы құрамындағы топ-менеджерлерге жалақы мен сыйақыны қоса есептегенде, былтыр 204,3 млн теңге төленген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Басшылықта кімдер отыр

Мәлім болғандай, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 39%-ға жоғары. Ол кезде компанияның сегіз жетекші қызметкеріне төленген жалпы сыйақы көлемі 147,1 млн теңге болған.

Осылайша, өткен жылы басқарма мүшелерінің әрқайсысы орта есеппен 25,5 млн теңгеден алды.

Қазір «КазАвтоЖолда» басқарма төрағасы Дархан Иманашев, оның орынбасарлары Райхан Сағындықова, Сырым Хамзин, Саят Шаймин, Нұрқат Ақылтаев, аппарат басшысы Ажар Аманжолова және басқарушы директор Сағи Садықұлы қызметін жалғастырып жатыр.

Компания табысы артқан

Аталған компания өткен жылды 393,1 млн теңге таза пайдамен аяқтаған. Ал 2024 жылы ұлттық компания 5,2 млрд теңге шығынға батқан болатын.

Сондай-ақ компанияның жылдық түсімі де өскен. 2025 жылы кіріс көлемі 89,1 млрд теңгеге жетсе, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 75,8 млрд теңге болған.

Дегенмен компанияның бұрынғы шығындары толық жабылмады. 2025 жылдвң соңындағы мәліметке сенсек, «КазАвтоЖолдың» өтелмеген шығыны – 22,98 млрд теңге.

Депозиттегі миллиардтар

2025 жылдың соңында ұлттық компания қысқа мерзімді банк депозиттерінде 28,3 млрд теңге сақтаған. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 20,9 млрд теңгені көрсетті.

Теңгелік салымдар бойынша орташа мөлшерлеме жылдық 14-15% деңгейінде қалыптасқан.

Сондай-ақ «КазАвтоЖол» жол құрылысы мен қайта жаңғырту жобаларын қаржыландыру үшін Қазақстанның Даму банкі және халықаралық қаржы ұйымдарынан несие алды. Олардың қатарында Қытайдың Эксимбанкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі және Еуразиялық даму банкі бар.

Компанияның жалғыз акционері кім

«КазАвтоЖолдың» жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. Компаниядағы мемлекеттік үлесті Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті басқарады.

Сенімгерлік басқару келісімдері негізінде ұлттық компания республикалық маңызы бар бірқатар ақылы автожолдағы жол жүру ақысын жинаумен айналысады.

Back to top button