АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің Киевке өтінішінен кейін Украина Каспий құбыр консорциумының (КҚК – КТК) терминалына мұнай тиеуге баратын танкерлерге дронмен шабуылдауды тоқтататынын елдегі БАҚ жарыса жазды. Бұл Қазақстан үшін маңызды жеңілдік болғанмен, КТК-дағы бірнеше апталық іркілістің экономикалық салдары бірден жоғалған жоқ. Шілдеде экспорт көлемі күрт қысқарып, Қазақстан мұнай өндірісін төмендетті. Ал тасымал тәуекелінің өсуі мұнайдың бағасына қысым жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
КҚК-ға шабуыл өндірісті қысқартып қана қоймай, Қазақстан мұнайын арзандатты
Мәселенің ауқымын КТК-ның Қазақстан үшін маңызынан бастау керек. Құбыр Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді және елдің негізгі экспорттық артериясы саналады. Reuters мәліметінше, КТК арқылы әдетте тәулігіне шамамен 1,5-1,7 млн баррель мұнай тасымалданады. Ал Қазақстанның бұл бағытты алмастыратын балама экспорт мүмкіндіктері шектеулі. КТК әлемдік мұнай тасымалының шамамен 2%-ын қамтамасыз етеді.
Сондықтан шілдедегі шабуылдар танкерлердің қауіпсіздігі мәселесінен әлдеқайда үлкен проблема еді. Reuters өз дереккөздеріне сүйеніп, КТК-да шілде айында тиелген мұнай көлемі жоспардан 20%-дан астам төмендегенін хабарлады. Нақты көлем тәулігіне шамамен 1,2-1,3 млн баррельге дейін түсті. Бұл халықаралық нарыққа күн сайын шамамен 400 мың баррель CPC Blend жетпей қалды деген сөз. Тамызда да КТК-да тиелген мұнай тәулігіне орта есеппен 1,1-1,2 млн баррель деңгейінде қалды.
Мұның салдары Қазақстандағы өндіріс көрсеткішінен де көрінді. КТК мұнай қабылдауды тоқтатқан кезде мұнай компаниялары резервуарлар толып кету үшін өндірісті қысқартуға мәжбүр болды. 23 шілдеде Reuters Қазақстандағы тәуліктік мұнай және газ конденсаты өндірісінің 2,07 млн баррельден 1,63 млн баррельге дейін түскенін жазды. Сол кезде Теңіздегі өндіріс 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін, яғни жартысынан да көп төмендеген.
Жалпы Қазақстанның шілдедегі мұнай өндірісі маусым айымен салыстырғанда 14% төмендеді. Бұл сұраныстың немесе кен орындарындағы техникалық ақаудың салдары емес, мұнайды сыртқы нарыққа шығару мүмкіндігінің шектелуінен туындаған қысым болды.
Financial Times мәліметіне сүйенген Reuters 12 тамызда Украина КТК терминалына баратын мұнай танкерлеріне жасалған дрон шабуылдарын Джей Ди Вэнстің өтінішінен кейін тоқтатқанын хабарлады.

АҚШ әкімшілігі Киевке Қара теңіздегі ресейлік емес кемелерге және КТК инфрақұрылымына соққы бермеу қажеттігін жеткізген. Вашингтон КТК-ны Ресейдің энергетикалық тасымалдарына балама маңызды бағыт ретінде қарастыратынын да айтқан.
КТК арқылы Қазақстанның мұнайын өндіретін ірі батыстық компаниялардың қатарында Chevron мен ExxonMobil бар. Сондықтан танкерлерге жасалған шабуылдар Қазақстанның экспортын ғана емес, америкалық компаниялардың бизнесін де тәуекелге түсірді. Reuters дәл осы фактор Вашингтонның алаңдау себептерінің бірі болғанын жазады.

Демек, Вэнстің араласуы нақты бір мәселені шешуге бағытталды: КТК-ға баратын танкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстан мұнайының Қара теңіз арқылы шығуына жаңа шабуылдардан болатын қысымды азайту. Бұл тұрғыдан алғанда, Вэнстің дипломатиялық жүрісі нәтижесіз болған жоқ. Бірақ әсері шектеулі.
Біріншіден, бұрынғы шабуылдардың салдары нарықтан бір күнде жоғалмайды. Кеме иелері үшін қауіпсіздік тәуекелі сақталған кезде фрахт (кеме иесіне төленетін тасымал ақысы) пен сақтандыру шығындары жоғары деңгейде қала береді. Танкерді КТК терминалына жіберудің өзі қымбат әрі тәуекелді болған сайын, Қазақстан мұнайын сатып алушы үшін оның нақты құны да өзгереді. Сондықтан шабуыл тоқтағаннан кейін де нарықтағы тәуекел әсрі бірден жоғалып кетпейді.
Екіншіден, КТК-дағы үзіліс Қазақстан мұнайының бағасына әсер етіп үлгерді. Сауда нарығындағы деректер Қазақстанның CPC Blend маркасына дисконттың ұлғайғанын көрсетті. Бұл жағдайда сатып алушы мұнайдың өзіне ғана емес, оны қауіпсіз алып кетудің шығыны мен тәуекеліне де баға қояды. Сондықтан Қазақстан мұнайының арзандауы өндірістің сапасына байланысты емес, экспорттық логистиканың әлсіздігіне байланысты болды.
Үшіншіден, КТК-ның қауіпсіздігі қалпына келсе де, Қазақстанның жалпы экспорттық тәуелділігі өзгермейді. Бұған Балтықтағы Усть-Луга портының мысалы дәлел.
«Дружбаға» балама бағыт та соғыс отынан тыс қалмады
Ресей «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан мұнайының Германияға транзитін тоқтатқаннан кейін Астана экспорттың бір бөлігін балама бағыттарға қайта бөлуге мәжбүр болды. Сол мұнайдың бір бөлігі Ресейдің Балтық жағалауындағы Усть-Луга портына бағытталған. Осылайша Усть-Луга Қазақстан үшін «Дружба» арқылы Германияға жеткізудің балама арнасына айналды.
Бұл бағыттың маңызы бірнеше айдың ішінде өсті. Сәуірде Қазақстанның Усть-Луга арқылы мұнай жөнелтуі наурызбен салыстырғанда 2,3 есе өсіп, 230 мың тоннаға жетті.
Енді бұл бағыттың өзі соғыс тәуекелінен тыс қалмай отыр. 14 тамызда украиналық дрондар Ресейдің Ленинград облысына шабуыл жасап, Усть-Луга портында өрт шыққаны хабарланды.
Осылайша Қазақстанның экспорт картасында қарама-қайшылық туындап тұр. «Дружба» бағыты саяси шешімге байланысты қысқарса, оның орнын ішінара басқан Усть-Луга енді әскери шабуыл тәуекеліне тап болды. КТК болса, Қара теңіздегі шабуылдардан кейін ғана АҚШ-тың дипломатиялық араласуына дейін жетті.
Бұл Қазақстанның басындағы проблема жалғыз портты немесе бір құбырды қауіпсіз етумен шешіле салмайтынын көрсетеді.
Ресей билігінің мәліметінше, Усть-Луга маңындағы Ленинград облысына түнгі шабуыл кезінде 51 дрон атып түсірілген, ал портта зақымданудан кейін өрт шыққан.
Бірақ бұл Вэнс пен Киев арасындағы КТК жөніндегі келісім бұзылды деген сөз емес. Усть-Лугадағы шабуыл – КТК инфрақұрылымынан басқа порттағы, басқа нысанға бағытталған жеке оқиға. Сайып келгенде, Қазақстанның балама экспорт маршруты да Ресей мен Украина арасындағы соғыстың географиясынан тыс қалмайтынын көріп отырмыз.
Сондықтан Вэнстің араласуы Қазақстанның мұнай мәселесін толық шешті деу де, ештеңе өзгертпеді деу де дұрыс емес.
Ол ең алдымен жаңа соққының қаупін азайтты. Ал бұрынғы соққылардан келген экспорт көлемінің жоғалуы, өндірістің қысқаруы, логистикалық шығындардың өсуі және мұнайдың арзандауы бірден жойылған жоқ.
Мұның тағы бір маңызды салдары бар. Қазақстан биыл мұнай өндірісін ұлғайтып, ОПЕК+ шеңберіндегі өндірістік шектеулерді біртіндеп кеңейтіп келеді. Шілдеде Қазақстан үшін өндірістік квота тәулігіне 1,608 млн баррель деңгейінде белгіленді, ал қыркүйектен бастап ОПЕК+ квотаны тағы көтеруге келісті. Бірақ экспорт инфрақұрылымы бүгінгідей геосаяси тәуекелге тап болған жағдайда қосымша өндіріс рұқсаты орындалмай қалуы ықтимал. Шілдедегі оқиға мұны нақты көрсетті: мұнайды өндіруге мүмкіндік бар, бірақ оны сыртқы нарыққа шығаратын негізгі арнада іркіліс болса, өндірісті қысқартуға тура келеді.
Түйіндесек, Вашингтонның Киевпен жүргізген дипломатиясы Қазақстан мұнайына соғылған соққыны тоқтатуға көмектесті. Бірақ ол Астананың экспорт моделіндегі әлсіздікті жойған жоқ.