«Вашингтон моделі» БҰҰ шартына қалай айналуы мүмкін – сарапшы толғамы

Жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының қарыштап дамуы әлем елдерінің алдында жаңа міндеттерді туындатып отыр. Басты мәселе – бұл саланы кім және қалай реттейді? 2 қазанда Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысында осы сауалға жауап ізделді. Қазақстан технологиялық алпауыттар мен халықаралық ұйымдар арасындағы алтын көпірге айналуды көздейді.
Отырыс барысында Қазақстан Президенті жақында ғана АҚШ-та қабылданған ЖИ-ді қауіпсіз әрі жауапты дамыту жөніндегі ерікті келісімді (Ақ үй келісімі) қолдап, оны Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қамқорлығымен жасалатын халықаралық шарттың негізі ретінде қарастыруды ұсынды. Бұл бастама желтоқсан айында Майамиде өтетін «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитінде кеңінен таныстырылмақ.
Жаһандық текетірес және Қазақстанның ымыралы ұсынысы
Қыркүйек айының соңында OpenAI, Google сынды алты ірі америкалық технологиялық компания АҚШ Президенті Дональд Трамппен бірлесіп «Суперинтеллект жөніндегі Ақ үй келісіміне» қол қойған болатын. Құжат компанияларға тәуелсіз аудит жүргізу мен ішкі бақылауды ерікті түрде мойнына алуды міндеттейді. Алайда, қатаң санкциялар мен тәуелсіз тексеру тетіктерінің жоқтығы түрлі сынға ұшырады.
Бұған дейін Еуропа елдері БҰҰ аясында қатаң халықаралық институт құруды ұсынса, АҚШ жаһандық бақылау жүйесінен бас тартқан еді. Ал Қытай мен АҚШ бұл мәселені БҰҰ-дан тыс, екіжақты форматта ғана талқылауға келіскен. Осындай геосаяси технологиялық текетірес тұсында Қазақстан БҰҰ алаңын америкалық «Вашингтон моделімен» біріктіру бастамасын көтеріп отыр.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ аға сарапшысы Диас Құмарбеков бұл қадамның стратегиялық маңызын былай деп түсіндіреді:
“Президенттің ұсынысы дәл осы екінші олқылықтың орнын толтырады және мен оның негізгі артықшылығын осыдан көремін. Халықаралық құқық нормалары мемлекеттердің міндеттемелері арқылы қалыптасады, ал компаниялардың уәдесі оның орнын баса алмайды. Қыркүйектегі декларацияға қол қойған Қазақстан БҰҰ қамқорлығымен жасалатын шарттың негізі ретінде америкалық құжатты алуды ұсынып отыр. Осылайша, бір апта бұрын бір-біріне үйлеспейтін болып көрінген екі тәсілді біріктіреді. АҚШ Президентінің қолы қойылған құжат Вашингтонға талқылаудан бас тартуға аз мүмкіндік қалдырады, ал заңдар мен реттеу туралы ескерту шартты келісімнің жалғасы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тұжырым ұсыныс сипатында қалып отыр. Мемлекет басшысының айтуынша, келісім «сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін барлық мүдделі елдер тарапынан модель ретінде қарастырылуы мүмкін». Бұл АҚШ-тан тыс әзірлеушілерге, ең алдымен қытайлық компанияларға да орын қалдырады”.
Бұл диалогты жүзеге асыру үшін Қазақстанның нақты дипломатиялық тәжірибесі бар. Сирия мәселесі бойынша Астана процесі мен биылғы Армения-Әзербайжан келіссөздері еліміздің тиімді диалог алаңы бола алатынын дәлелдеген.
Өндірістік қауіпсіздік пен импорттық технологиялар тәуекелі
ЖИ-ді халықаралық деңгейде реттеу тек саяси ғана емес, нақты экономикалық-практикалық қажеттілік. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, еліміздегі 5,1 мың кәсіпорын ЖИ технологияларын өз жұмысына енгізген. Президент өз сөзінде бұл технологиялардың өндірісті басқару жүйелеріне терең интеграциялануы тиіс екенін қадап айтты.
Алайда, кез келген шетелдік технологияны сатып алу оның қауіпсіздігіне деген кепілдікті талап етеді. Егер әлемдік ортақ стандарттар қабылданса, импорттаушы елдер үшін үлкен жеңілдік болмақ. Бұл туралы сарапшы Диас Құмарбеков нақты мысал келтіреді:
“Модель технологиялық желіге қол жеткізген кезде оның қауіпсіздігі технологияны сатып алудың міндетті шартына айналады. Тапсырыс беруші жүйенің қандай сынақтардан өткенін және ақау орын алған жағдайда бұл туралы кім хабарлайтынын білуі керек. Ал импорттық модельдің ішкі құрылымын ол көре алмайды. Отырыста Мемлекет басшысы өндірістік жағдайлар ұқсас болған кезде әр кәсіпорында сынақтардың толық циклін қайталаудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Менің ойымша, халықаралық шарт технологияларды сыртқы саудада сатып алатын елдер үшін де осындай мүмкіндік берер еді. Келісілген ережелер бойынша мойындалған аудит тапсырыс берушіні әр модельге жеке сараптама жүргізу қажеттілігінен босатар еді”.
Қазақстан желтоқсандағы G20 саммитіне қонақ ретінде қатысып, ЖИ бойынша өз ұстанымын жеткізуге бірегей мүмкіндік алып отыр. Мемлекет басшысының «Ешбір ел тек ЖИ тұтынушысы болып қалмауы тиіс» деген қағидаты осы жерде өз көрінісін таппақ. Ендігі кезекте, Ақорда ұсынған ымыралы шешім Майамидегі саммитте қолдау тауып, 2027 жылы Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Жаһандық диалогына дайын мәтін ретінде ұсынылуы әбден мүмкін. Қазақстан бұл тарихи процесте жай бақылаушы емес, жаһандық ережелерді қалыптастырушы белсенді ойыншыға айналуды көздеп отыр.