«Ұят екен, өшіріп тастаңыздар»: Димаш TikTok-тағы сыйлықтардан бас тартты
Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген TikTok желісіндегі тікелей эфирінде жанкүйерлерінен өзіне ақылы виртуалды сыйлықтар жібермеуді сұрады. Әнші мұндай сыйлықтардың ақшаға сатып алынатынын білген соң, көрермендеріне қаражатын жақындарына жұмсауға кеңес берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әншінің тікелей эфирдегі видеосы көпшіліктің талқысына түсіп, оқырмандары мен жанкүйрелері ризашылық білдірді.
«Мұның бәрі ақылы екен ғой»
TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде Димаш Құдайберген көрермендерімен әңгімелесіп отырған. Осы сәтте жанкүйерлері әншіге түрлі виртуалды сыйлықтар жібере бастаған. Экранда пайда болған қалпақтар мен басқа да анимациялық әсерлердің ақылы екенін естіген Димаш таңданысын жасырмаған.
«Достар, мына қалпақтарды, үстімізге кигізіп жатқан нәрселерді айтып тұрмын ғой… Осының бәрі ақылы деп естідім. Әуре болмаңыздаршы. Бұған ақша төлейсіздер ғой, иә? Ықыластарыңызға рақмет! Бірақ әуре болмаңыздаршы. Ұят екен. Жоқ, мұның қажеті жоқ. Бұл енді тым көп қой», – деді әнші.
Бұдан кейін ол виртуалды сыйлықтарды экраннан алып тастаудың жолын сұраған.
«Мұны қалай өшіреді? Өшірдің бе? Өшіріп жіберші», – деп өтінді Димаш.
«Сол ақшаны жақындарыңызға жұмсаңыздар»
Әнші жанкүйерлерінің ықыласына алғыс білдіре отырып, өзіне сыйлық жіберу үшін ақша жұмсаудың қажеті жоқ екенін бірнеше рет қайталады.
«Достар, әуре болмаңыздар. Одан да сол ақшаны жақындарыңызға жұмсаңыздар. Керегі жоқ. Ештеңеге ақша төлемеңіздер. Сөйтсем, мұның бәрі ақылы екен ғой», – деді ол.
Димаш тікелей эфир барысында көрермендеріне ақылы сыйлықтарды тоқтатуды сұрап жатқанын жанындағыларға да түсіндірген.
«Мен көрермендерге бұған ақша төлемеңіздер деп айтып жатырмын», – деді әнші.
TikTok-тағы виртуалды сыйлықтар қалай жұмыс істейді?
TikTok желісінде тікелей эфирді тамашалаушылар өздеріне ұнаған авторларға виртуалды сыйлықтар жібере алады. Мұндай сыйлықтарды жіберу үшін пайдаланушылар арнайы виртуалды монеталарды сатып алады. Сыйлықтың түріне қарай оның құны да әртүрлі болады.
Кейбір сыйлықтар эфир кезінде экранда ерекше анимация түрінде көрінеді. Димаштың назарын аударған қалпақтар мен басқа да виртуалды әсерлер де осы мүмкіндіктерге байланысты. Әнші жанкүйерлерінің қолдауын жоғары бағалайтынын білдіргенімен, өзіне ақша жұмсамауды сұрап, қаражатты жақындарының қажеттілігіне жұмсауға шақырды.