TOP-2Оқиға

«Үстінен іс қозғалды» деген журналист Асхат Садырбай мәлімдеме жасады

Белгілі журналист Асхат Садырбай “үстінен қылмыстық іс қозғалды” деген ақпаратты жоққа шығарды, деп жазады Tizgin.kz.

“Достар, бүгін мен тағы бір ақпараттық шабуылға тап болдым. Біраз адам алаңдап хабарласып жатыр. Маған 4 ай бұрын “қылмыстық іс” қозғалыпты-мыс. Ең қызығы мен одан мүлдем хабарсызбын және оны мен құзырлы орган өкілдерінен емес мемлекеттен тендер алып, трафиктерін тексерілмеген “өсек аяңдармен” көтеретін , фактчекингті білмейтін бейшара сайттардан білдім. Бұл сайттардың артында кім тұрғанын және олар кімнің тапсырмасымен жазып отырғанын жақсы білемін. Көп ұзамай оларға да беташар жасармыз”, – дейді ол.

Асхат Садырбай бұл сайттардың тірлігі оның ар жағында отырған суға кеткен пенделердің тал қармауы деп санайды.

“Бұл айыптауларға қатысты былтыр сот болған. Оның барлық сатысынан өтіп, менің мұндай әрекет жасамағаным заңмен дәлелденген. Сот шешімі шыққан. Бірақ айыптаушы тарап сот шешімін орындамай жүргеніне жарты жыл болды. Сәл сабыр етіңіздер. Ешқандай жалған ақпаратқа сенбеңіздер! Қолдауларыңызға рахмет!” – дейді ол.

Бұған дейін БАҚ-та Асхат Садырбайдың бұрынғы жұбайы Айғаным Болатқызының арызы негізінде қылмыстық іс тіркелгені туралы ақпарат тараған. Бірнеше ақпараттық сайт “бұл жанжал бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Астана қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады” деп ақпарат таратқан.

Back to top button