TOP-1Сараптама

«Үш күндік» жоспардан төрт жылдық соғысқа дейін: Ресей-Украина соғысының хроникасы

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бүгін, яғни 24 ақпанда тура төрт жыл болды. Төрт жыл – адамзат тарихымен есептегенде өте қысқа уақыт дерсіз, бірақ миллиондаған адамның тағдырын тас-талқан еткен соғыс үшін – тым ұзақ уақыт. Осы аралықта майдан даласы ғана емес, бүкіл әлемдік тәртіп те өзгере бастады – ал соғысқа қашан нүкте қойылары әлі белгісіз.

Tizgin.kz бұл мақалада соғыстың түпкі себептерінен бастап салдарына үңіліп, сарапшы пікірін қосып, ауқымды мақаланы оқырман назарына ұсынады.

2014 жылғы қақтығыс

Ресей мен Украина арасындағы ашық соғыс 2022 жылы басталғанымен, оның себебі 2014 жылғы оқиғаларға тіреледі. Сол жылы Киевте «Еуромайдан» толқуы өршіп, Украина президенті Виктор Янукович биліктен кетіп, Ресейді паналаған болатын. Батысқа бет алған Киевтің жаңа бағыты Мәскеудің ашық наразылығын туғызды. Осы тұста Ресей Қырым түбегіне әскер кіргізіп, аз ғана уақыттың ішінде түбекті тұтас өзіне қаратты. ХХІ ғасырдағы осынау ашық қысастық бүкіл әлемді сол тұста-ақ дүр сілкіндірген.

Фото: Сергей Дольщенко

Ресей Қырымда «референдум» өткізді. Әлбетте, халықаралық қауымдастық оны заңсыз деп таныған, бірақ Мәскеу оны «тарихи әділеттілік» деп бағалады. Артынша Донбасс аймағында – Донецк пен Луганскіде қарулы қақтығыстар басталды. Ресейдің қолдауымен топтасқан сепаратистік құрылымдар «халық республикалары құрылды» жариялады. Киев оларды лаңкестік ұйым деп таныды.

2014-2015 жылдары Минск келісімдері жасалды. Құжаттар атысты тоқтату мен саяси реттеуді көздегенімен, іс жүзінде қақтығыстар толық тоқтаған жоқ. Донбасс сегіз жыл бойы «қатып қалған соғыс» аймағына айналды. Екі тарап бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады.

Осы аралықта Украина НАТО-мен жақындасуға қадам жасады. Ресей мұны өзінің қауіпсіздігіне төнген қатер деп қабылдады. Мәскеу Украинаға батыстық қару-жарақ жеткізілуін сынады. Ал Киев керісінше, Ресей шекара маңына әскер топтастырып жатқанын алға тартты. 2021 жылдың соңына қарай Ресей Украина шекарасына жүз мыңдаған әскер шоғырландырды. Кремль НАТО-дан «қауіпсіздік кепілдігін» талап етті. Батыс бұл талаптарды қабылдамады. Диалог тығырыққа тірелді. Сөйтіп, сегіз жыл бойы тұтанбай тұрған жанжал 2022 жылы ашық соғысқа ұласты.

«Жылдам жеңіс» жоспары

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин арнайы телеүндеу жасап, «арнайы әскери операция» басталғанын мәлімдеді. Ол бұл шешімді Украинаны «демилитаризациялау» және «денацификациялау» қажет деп түсіндірді.

Путиннің “арнайы әскери операция” басталғаны жөнінде мәлімдемесі. Фото: скриншот

Сол күні таңертең Украина қалаларына зымырандар атылды. Мыңдаған әскер Украина жеріне шабуылға кіріп, әуеден соққылар жасалды. Шырқы бұзылған украин халқы жаппай Батыстағы көршілес Еуропа елдеріне босып кетті. Украина билігі шекарадан әйелдер мен балаларды өткізгенімен, ер азаматтарды өткізбей, басқыншыларға төтеп беруге бекінді. Ел ішінде аумақтық қорғаныс күштері құрылып, қару-жарақ таратыла бастады.

Соғыс басталған алғашқы сәттен-ақ Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздерге шақырумен болды. Бірақ бұл үндеудің бірде-бірін Кремль бастығы назарға алған жоқ.

Фото: static.prsa.pl

Ресей әскері бірнеше бағыттан – Беларусь аумағы арқылы Киевке, шығыстан Харьковке, оңтүстіктен Херсонға қарай ілгеріледі. Кремль тез жеңіске жетеміз деп үміт артты. Батыс барлау қызметтері ресейлік пропогандашылар теледидардан жиі айтатын «Киев үш күнде құлайды» деген сценарийді жоққа шығармаған еді.

Алайда Украина қарулы күштері күткеннен әлдеқайда табанды қарсылық көрсетті. Президент Владимир Зеленский Киевтен кетпей, ел ішінде қалатынын жариялады. Оның «маған көлік емес, оқ-дәрі керек» деген сөзі символға айналды.

Зеленский мен жақтастарының Киевте қалатыны жөнінде мәлімдемесі. Фото: скриншот

Украина әскері астананы қорғап қалды. Ресей колонналары логистикалық қиындықтарға тап болды. Әскердің моральдық ахуалы мен жоспарлаудағы кемшіліктер айқын көрінді. Киев түбіндегі шайқастар Ресей үшін сәтсіз аяқталды. Сәуір айында Ресей күштері солтүстік бағыттан шегінді. Бұл соғыстың алғашқы стратегиялық бетбұрысы еді. «Жылдам жеңіс» жоспары күл-талқан болды. Соғыс ұзақ әрі қанды сипатқа көшті.

Дрондар соғысы мен Пригожин “жорығы”

2022 жылдың екінші жартысынан бастап соғыс позициялық сипат алды. Украина Батыстан HIMARS жүйелерін алып, ресейлік логистикаға соққы жасады. Ресей энергетикалық инфрақұрылымды жаппай бомбалады. Қалалар жарықсыз, жылусыз қалды.

2023 жылы Украина дрондарды кеңінен қолдана бастады. Теңіз дрондары Қара теңіз флоты нысандарына шабуыл жасады. Әуе дрондары Мәскеуге дейін жетті. Соғыс жаңа технологиялық кезеңге өтті. Ресей мобилизация жариялап, майданға жүздеген мың адам тартты. Қанды шайқастар Бахмут, Авдеевка бағытында жүрді. Бахмут айлар бойы қырғын алаңына айналды.

Фото: Libkos

Ресейдің соғысқа барғысы келмеген мыңдаған жастары осы тұста басқа елдерге қаша бастады. Паналаған елдердің бірі – Қазақстан болды. Қазақстан арқылы әлемнің басқа мемлекеттеріне мыңдаған адам қашуға тырысты. Кейбірі Батыс елдерін, кейбірі Азия мемлекеттеріне кетті.

Осы тұста Wagner Group ерекше рөл атқарды. Оның жетекшісі Евгений Пригожин Ресей қорғаныс министрлігін қатаң сынап, майданға қару сұраумен болды. Ақыры оның үні Кремльге жете қойған жоқ. Ашуға басқан Пригожин “Вагнер” әскерін бастап 2023 жылы Мәскеуге қарай «жорық» жасады. Бұл оқиға Ресей билігінің ішкі әлсіздігін көрсетті.

Евгений Пригожин (ортада). Фото: скриншот

Бүлік қысқа мерзімде тоқтатылғанымен, көп ұзамай Пригожин ұшақ апатынан қаза тапты. Кремль ресми түрде қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

2024 жылы соғыс қажытқан сипат алды. Украина қарсы шабуылда айтарлықтай нәтиже көрсете алмады. Ресей шығыста баяу ілгеріледі. Екі тарап та үлкен шығынға ұшырады. Санкциялар Ресей экономикасына қысым жасады, бірақ оны құлатпады. Украина Батыс көмегіне тәуелді күйде қалды.

Трамптың уәдесі

2025 жылы майдан шебі айтарлықтай өзгермегенімен, дипломатиялық алаңда қозғалыс байқалды. АҚШ-та билікке қайта келген Дональд Трамп соғысты тез тоқтатуға уәде берді. Ол билікке келерде тіпті “бір күнде осы соғысқа нүкте қоямын” деп уәде еткен. Билікке келген соң сол уәдесі негізінде Киев пен Мәскеуге қысым жасауды күшейтті.

Фото: Chip Somodevilla/Getty Images

Трамп Украинаға әскери көмекті қайта қарау мүмкіндігін меңзеді. Бұл Киевке елеулі сигнал болды. Зеленский Батыс қолдауын сақтап қалу үшін дипломатиялық белсенділікті арттырды. Үшжақты немесе жанама келіссөздер туралы ақпарат тарады. Түркия, Қатар және Қытай араағайын болуға ұмтылды. Мәскеу өз шарттарын – аннексияланған аумақтарды мойындауды талап етті. Киев бұған келіспейтінін ашық айтты.

Майдан даласында дрондар мен артиллерия негізгі құралға айналды. Әуе шабуылдары жалғасты. Соғыс шаршаған қоғамдар үшін ауыр әлеуметтік салдарға ұласты.

2025 жылдың соңына қарай бейбіт келісімнің нақты формуласы табылмады. Бірақ тараптар «шаршау нүктесіне» жақындағаны байқалды.

Еуропа одағы Украинаға қаржылық және әскери қолдау көрсетуді жалғастырды. Германия, Франция, Польша секілді елдер қару жеткізуді ұлғайтты. Бірақ соғыс ұзаққа созылған сайын ішкі саяси пікірталастар күшейді. АҚШ-тағы саяси өзгерістер Еуропаны алаңдатты. Вашиңтонның позициясы құбылмалы бола бастағанда, Брюссель стратегиялық автономия туралы көбірек айта бастады. Кейбір елдер санкциялардың экономикалық салдарын сезінді. Соған қарамастан, Еуропа Украинаның егемендігін қолдайтынын мәлімдеп келеді. Бұл ұстаным – тек геосаяси емес, құндылықтық таңдау ретінде ұсынылды.

“Путин соғысты тоқтатпайды”

Ресейлік экономист, профессор Сергей Гуриев «Дождь» арнасына берген сұхбатында Владимир Путин бұл соғысты өз еркімен тоқтатпайтынын айтты. Оның пікірінше, соғыс Кремль үшін саяси өмір сүрудің құралына айналған.

Сергей Гуриев. Фото: forbes

“Путиннің расында да, соғыс арқылы жасаған қысымы Украинаны тізе бүктіреді деп сенеді. Метрлеп болсын алға жылжыса да, адам шығынын аямай, ол соғысты жалғастыра береді. Себебі сол арқылы келешекте болатын келіссөздердегі позициясын күшейтуді ойлайды. Қазір келіссөздер жүріп жатқанымен бәріміз көріп отырғандай, Путин салмақты түрде келісімге келуді талқылағалы отырған жоқ. Тіпті “троллиң” жасап отыр. Әскері алға жылжи алмай қалса немесе Украина әбден қаруланса ғана Путин келіссөздерге көнуі мүмкін. Ресей экономикасы құлап қалмаса да, сарбаздарды жинау, олардың айлығын төлеу, халықтың әлеуметтік ахуалын төмендетпей сақтау және соның бәріне мұнай арзандап жатқан кезде ақша табу – оның үлкен мәселесі. Соғысты тоқтату үшін Путинді майдан даласында кемі бірнеше ай алға жылжытпай тоқтату керек”, – дейді Сергей Гуриев.

Төрт жылдық соғыс – тек екі елдің қақтығысы емес, ХХІ ғасырдағы әлемдік тәртіптің дағдарысы. Майдан шебінде зеңбірек гүрсілі басылмаса да, дипломатиялық үміт сәулесі анда-санда жылт етеді. Бірақ бүгінгі шындық қатал-ақ: бұл соғыс әлі аяқталған жоқ, ал оның салдары әлі талай жыл бойы сезіледі.

Back to top button