Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры тағайындалды

Ұлттық ядролық орталығының бас директоры қызметіне Ғұмар Екпінұлы Серғазин тағайындалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Атом саласындағы мол тәжірибе және халықаралық бедел
Жаңа басшының еңбек жолы атом және энергетикалық қадағалау саласымен тығыз байланысты. Түрлі жылдары ол ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінде жауапты қызметтер атқарып, 2017-2023 жылдары аталмыш комитет төрағасының орынбасары болған. Ал 2023 жылдан бастап Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарып, кейіннен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Оның тікелей жетекшілігімен ядролық және радиациялық қауіпсіздік, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау режимі қатаң бақылауда болды.
Ғұмар Серғазиннің кәсіби қызметінде халықаралық ынтымақтастықтың орны ерекше. Ол ТМД елдерінің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясында Қазақстанның ресми өкілі, АЭХА (МАГАТЭ) Халықаралық төмен байытылған уран банкінің үйлестіру комиссиясының тең төрағасы және елімізден ұсынылған ұлттық үйлестіруші (NLO) қызметтерін атқарып келеді.
Оның еңбегінің арқасында АЭХА-мен техникалық ынтымақтастық жобалары айтарлықтай жанданды. Атап айтқанда, атом энергетикасы, радиациялық қауіпсіздік, радиоактивті қалдықтарды басқару және ядролық медицина бағытында жалпы құны 5,2 млн АҚШ долларын құрайтын 16 ұлттық жоба сәтті іске асырылды. Сонымен қатар оның ұйытқы болуымен мыңнан аса отандық маман халықаралық деңгейдегі оқу курстары мен ғылыми семинарларға қатысып, біліктілігін арттырды. Мемлекеттік басқару ісімен қатар, ол саладағы маңызды заңдардың, соның ішінде «Атом энергиясын пайдалану туралы» және «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» құжаттардың әзірленуіне тікелей атсалысқан.
Алдағы ауқымды міндеттер мен стратегиялық жоспарлар
Бұл тағайындау отандық атом саласының алдында жаңа ауқымды міндеттер тұрған маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Ендігі кезекте елдің стратегиялық нысаны саналатын Ұлттық ядролық орталық атом энергетикасы мен термоядролық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық базаны нығайту және халықаралық байланысты одан әрі тереңдету бағытында жұмыс істейтін болады.
Жаңа басшының жетекшілігімен бұрынғы Семей сынақ полигонын экологиялық тұрғыдан оңалту және Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін мүлтіксіз орындау жұмыстары жалғасады. Әсіресе, жинақталған радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге қажетті инфрақұрылым мен ұйымдастыру тетіктерін құру мәселесіне баса назар аударылмақ.