TOP-2Оқиға

Украина дрондары Wildberries қоймаларына тағы соққы жасады

Украина әскері 22 шілдеге қараған түні Ресейдегі Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына дрондармен шабуыл жасады. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, қоймалардағы жұмыс уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Tizgin.kz BBC-ге сілтеме жасап.

Wildberries қоймаларына шабуыл жасалды

Wildberries компаниясының басшысы Татьяна Кимнің мәлімдеуінше, шабуыл Краснодар мен Ставрополь өлкесіндегі Невинномысск қаласында орналасқан логистикалық орталықтарға жасалған. Компания екі қойманың да жұмысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Невинномысск қаласындағы қоймада өрт шығып, алдын ала мәлімет бойынша бес адам жарақат алған. Осыған байланысты қалада төтенше жағдай режимі жарияланды.

Ал Краснодардағы логистикалық орталыққа жасалған шабуылдан 10 адам зардап шекті. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевтің айтуынша, олардың үшеуінің жағдайы ауыр, бір адам орташа ауыр халде жатыр.

«Қойма аумағында өрттің салдарын жою және өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», – деді губернатор.

Армавирдегі мұнай базасы да шабуылға ұшырады

Сол түні Краснодар өлкесінің Армавир қаласындағы мұнай базасына да дрондар шабуыл жасаған. Қалалық әкімшілік мәліметінше, нысанда ірі өрт шыққан. Өлке басшысы бұл шабуыл салдарынан мұнай базасының бір қызметкері қаза тапқанын хабарлады.

Ресей: 242 украиналық дрон жойылды

Ресей қорғаныс министрлігі 21 шілде кешкі сағат 20:00-ден 22 шілде таңғы 08:00-ге дейін Ресейдің 16 өңірі, аннексияланған Қырым, сондай-ақ Қара және Азов теңіздері үстінде 242 украиналық ұшқышсыз ұшу аппараты атып түсірілгенін мәлімдеді.

Министрлік түнгі соққылардың бірі Одессадағы украиналық «Нова пошта» логистикалық орталығына бағытталғанын да хабарлады. Ресей бұған дейін де аталған компанияның қоймаларына бірнеше рет шабуыл жасаған.

Украина әзірге пікір білдірген жоқ

Украина билігі Wildberries логистикалық орталықтарына жасалған соңғы шабуылға әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Алайда 20 шілдеде Украина президенті Ресей аумағындағы «логистикалық нысандарға» жаңа соққылар жасалғанын мәлімдеген болатын. Сол күні Мәскеу облысындағы Wildberries логистикалық кешенінен адамдар эвакуацияланғаны хабарланғанымен, компания шабуылдың нақты себебін жарияламаған.

Бұған дейінгі шабуылдар

18 шілдеге қараған түні де Wildberries-тің Тамбов облысындағы Котовск және Мәскеу облысындағы Электросталь қалаларындағы қоймалары дрон шабуылына ұшыраған еді.

Котовскідегі шабуылдан жеті адам қаза тауып, Электростальда бір адам мерт болды. Тағы ондаған адам түрлі жарақат алған.

РБК басылымының бағалауынша, тек Электросталь мен Котовск қоймаларына жасалған шабуылдардың өзінен Wildberries платформасындағы сатушылардың шығыны 100–150 млрд рубльге жетуі мүмкін.

Back to top button