Білім

ҰБТ-дан 140 балл алған тараздық оқушыға пәтер тарту етілді

Тараздық мектеп түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден мүмкін болған ең жоғары нәтиже – 140 балл жинап, ел назарын аударды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Таразда ең жоғары балл жинаған «Білім-Инновация» лицейінің түлегі Нұрғанат Қанатқа жекеменшік білім беру орталығы бизнес-кластағы пәтер, Mercedes E-Class көлігі немесе 50 млн теңгенің бірін таңдауды ұсынған. Нұрғанат пәтерді таңдап, Алматыда салтанатты түрде баспананың кілті табыс етілді.

Бұдан бөлек, білім беру орталығы түлекке алдағы төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейтінін хабарлаған. Ал оның ата-анасына 3 миллион теңге сыйақы берілмек.

«Білім-Инновация» лицейінің мәліметінше, Нұрғанат ҰБТ-дағы барлық сұраққа дұрыс жауап берген. Мұндай нәтиже – бірнеше жылдық дайындық пен табанды еңбектің жемісі.

Айта кетейік, Қазақстанда негізгі ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) жыл сайын 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді. Бұл кезеңде талапкерлер грантқа түсу үшін 2 рет тест тапсыруға мүмкіндік алады.

 

 

Back to top button