$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.60 ¥ 67.62 £ 603.05 ₺ 9.07
⛅ +3° Сезіледі 0° Жел 2 м/с Ылғалдылық 82%
Жаңалықтар

Түркістан облысында 60 млрд теңгенің жобалары іске қосылды

Түркістан облысында Республика күні қарсаңында жалпы құны 60 млрд теңгеге жуық әлеуметтік және өндірістік жобалар іске асырылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, жобалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылған.

Жалпы инвестиция көлемінің 22,3 млрд теңгеден астамы бюджет есебінен, ал 35,6 млрд теңгеден астамы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жобалар тұрғын үй, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларын қамтыды.

Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жеті қабатты 14 тұрғын үйден пәтерлер табысталды. Сарыағаш ауданында жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Сондай-ақ облыстың бірнеше ауданында мәдениет үйлері, кітапханалар мен спорт кешендері пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, Сарыағаш қаласындағы орталық стадион қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындар игілігіне тапсырылды. Ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жүргізілді. Әлеуметтік нысандардың бірқатарының ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Жаңа зауыттар ашылып, 648 адам жұмыспен қамтылды

Өңірде жеке инвестициялар есебінен бірнеше өндіріс орны іске қосылды. Атап айтқанда, Ордабасы ауданында ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ алюминий композиттік панельдер зауыты ашылды.

Мақтаарал ауданында мақта майын өңдейтін, ал Жетісай мен Отырар аудандарында мақта өңдейтін кәсіпорындар жұмысын бастады. Сайрам ауданында бидай өнімдерін өңдейтін диірмен мен азық-түлік қоймасы пайдалануға берілсе, Кентау қаласында өнеркәсіпке арналған технологиялық тораптар шығаратын зауыт іске қосылды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, аталған жобалар аясында 648 адам жұмыспен қамтылған. Оның 477-сі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылған өндірістік жобаларға, қалған 171-і бюджеттік жобаларға тиесілі.

Жаңа кәсіпорындар ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу көлемін ұлғайтуға, жергілікті өндірісті дамытуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button