Түркияда бір уақытта 58 шенеунік ұсталды
Ыстанбұлда Бакыркөй ауданы әкімдігіндегі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша 58 адам ұсталды. Бұл туралы Түркияның DHA ақпарат агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұсталғандардың арасында аудан әкімінің бес орынбасары, муниципалдық кеңестің екі депутаты және әкімдіктің жекелеген бөлімшелерінің басшылары бар.
Прокуратура жалпы саны 68 күдіктіні ұстауға тапсырма берген. Олардың қатарында муниципалитет қызметкерлері мен тендерлерге қатысқан компаниялардың өкілдері де бар. Қалған он күдікті іздестіріліп жатыр.
Қадағалау органының мәліметінше, тергеу тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде мемлекетке залал келтірген заңбұзушылықтар туралы хабарламалардан кейін басталған. Сонымен қатар кәсіпкерлер мекемелердің жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін өздерінен заңсыз ақша талап етілгенін мәлімдеген. Кәсіп иелері ақша төлеуден бас тартқан жағдайда, құжаттарды рәсімдеу процесі әдейі созбалаңға салынған.
Сарапшылар муниципалитеттің түрлі бөлімшелері 2024-2026 жылдары өткізген 42 тендерге қатысты құжаттарды зерттеген. Тергеушілер күдіктілердің телефон байланыстары туралы деректерді және қаржылық барлау материалдарын да талдаған.
Қазіргі уақытта тендерлерге қатысты заңсыз әрекеттер жасау және қызметтік өкілеттіктерді пайдаланып ақша бопсалау күдігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.